«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ 16 КҮН»

0

25 қараша – 10 желтоқсан аралығында еліміз бойынша «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы бастау алған болатын. Аталмыш акцияның мақсаты қоғамдағы қатыгездікке бей-жай қарамауға шақыру, зорлық-зомбылық құрбандарына нақты көмек көрсету, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, салауатты қарым-қатынас мәдениетін үйрету.

Республикалық акция аясында Қордай ауданында да бірқатар іс-шаралар өтуде. Өткен аптада «Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ-де “Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 белсенді күн” акциясының ашылуы өтті. Іс-шараға Жамбыл облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция подполковнигі Диляфруз Кинжеханова, Қордай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, орталық қызметкерлері және қызмет алушы әйелдер мен балалар қатысты. Акцияның ашылуынан кейін орталықтың мамандары түрлі сала өкілдерімен, мектеп оқушылары және студенттермен кездесулер өткізді. Соларға қысқаша тоқтала кетсек.

28 қараша күні республикалық акциясы аясында “ҚР ҰКҚ ШҚ Жамбыл облысы департаментінің Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы” Қордай шекара бөлімшесінің кызметкерлерімен ақпараттандыру лекциясы өткізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары туралы әңгіме жүргізіліп, “Буллинг және кибербуллингке төтеп беру”, “Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ” тақырыптарында ақпараттар берілді және орталық туралы бейнероликтер көрсетіліп, сұрақ-жауап жүргізіліп, тренинг өткізілді. Сол күні Қордай аудандық орталық ауруханасы қызметкерлерімен де жүздесіп, ақпараттандыру лекциясы өткізілді. Ал 29 қараша күні «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы аясында Кенен Әзірбаев ауылы Е.Қашағанов атындағы №42 орта мектебінің оқушыларымен лекция-тренинг өткізіліп, «Буллинг және кибербуллингтің алдын-алу», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» тақырыптарында ақпараттар берілді.

Келесі күні Кенен Әзірбаев ауылдық кітапханасында «Әйелдер кеңесімен», мәдениет үйінің, әкімдік қызметкерлерімен дөңгелек үстел өткізілді. 29-30 қараша күндері «Береке» гуманитарлық-техникалық, «Қордай» гуманитарлық-экономикалық колледждерінің студенттерімен лекция-тренинг өткізіліп, қоғамдағы өзекті мәселеге айналған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбын талқылады.

1 желтоқсан күні Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен орталықтағы қызмет алушы әйелдер мен балаларға “Отбасын нығайту және өзара қарым-қатынас пен некені арттыру” тақырыбында шеберлік сабағы өткізілді.

Ал 4 желтоқсан күні Республикалық акция аясында “ҚР ҰКҚ ШҚ Жамбыл облысы департаментінің Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы” “Қарасай батыр” және “Сортөбе” шекара бөлімшелерінің кызметкерлерімен, отбасы мүшелерімен және сарбаздарымен кездесу өткізілді. Кездесу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары және “Әскердегі әлімжеттік мәселелері” туралы әңгіме жүргізіліп, “Отбасы-тәрбие бастауы” тақырыбында пікірталас жүргізіліп, орталық туралы бейнеролик көрсетілді.

Айта кетейік, ауданда аталмыш акция аясында 10-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған. 8 желтоқсан күні «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясының ауданда ұйымдастырылуы бойынша есептік қорытынды жиыны өтпек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.