«ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ» САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

0

«AMANAT» партиясының аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының отырысы өтіп, онда Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков сайлауалды бағдарламасының іске асырылуы жөнінде есеп берді.

Аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы «AMANAT» партиясы Жамбыл облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасымен белгіленген міндеттердің 10 айында орындалуына тоқталып өтті.

— Бағдарлама аясында белгіленген міндеттердің қатарында егіс алқаптарының көлемі мен ірі қара мал санын арттыру, сыртқы өткізу нарығын дамыту, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мәселелері бар. Техника мәселесіне тоқталар болсақ, есепті мерзімде 127 ауыл шаруашылығы техникасын алу жоспарланғанына қарамастан, қазіргі таңда агроқұрылымдар 261 бірлік техникаға қол жеткізген. Демек, бұл ретте жоспар екі есе орындалып отыр, — деп сөзін бастады аудан басшысы.

Сондай-ақ, аудан әкімі өз есебінде «Инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту» бағыты бойынша жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін арттыру үшін аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеу жұмыстарының іске асырылу барысы турасында айтып өтті.

-Таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 9 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде, оның 5 жобасы 2022 жылдан өтпелі. Атап айтқанда: Қарасу, Ноғайбай, Степное, Қайнар Сарыбұлақ ауылдарында  құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы құрылысы басталған 4 жоба, олар: Күнбатыс-2, Еңбек, Отар, Қордай. Аталған жобалар 2024 жылға өтпелі, — деді Бегзат Сейсенқұлұлы.

Аудан басшысының есебінде балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында 3 мектептің құрылыстары – 2 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында және Бәйтерек ауылында 150 орындық мектеп бой көтеріп жатқаны жеткізілді.

Денсаулық саласында Беріктас ауылындағы 10 келушіге фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілсе,  Аңырақай ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункті, Сортөбе ауылдық ауруханасының аумағында бір ауысымда 200 келушіні қабылдайтын емхана және Масаншы ауылдық ауруханасына қосымша құрылыс жүруде екен.

-Мәдениет саласында 2022 жылы құрылысы басталған Қарасу ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ал, Қордай ауылындағы 200 мың құжатты сақтау орны бар Қордай ауданының мемлекеттік мұрағатының құрылысы аяқталып, рәсімдеу құжаттары дайындалуда. Сонымен қатар, Қақпатас, Бетқайнар, Қарасай батыр ауылдық мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде. Спорт саласы бойынша Ауқатты, Қарасу ауылдарында спорт кешенінің құрылыстары аяқталып, қолданысқа берілді, — деп сөзін сабақтады аудан әкімі.

Ауданда  «Әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдау» бағытында «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында 2023 жылға көтерме жәрдемақы алу үшін 100 маманға 34,5 млн. теңге, тұрғын үй сатып алуға 16 маманға 82,8 млн. теңге қаражат бөлінген.

Баяндамадан соң фракция мүшелері Қатира Увалиева, Әлібек Омаров, Жұмахан Кәкетай, Эльдар Апаевтар жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасы, ЖСҚ-лар әзірлеу кезінде қажеттіліктердің толық қаралуы, Кенен ауылындағы ауыз су және тағы да басқа мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, аудан басшысынан нақты жауаптарын алды. Депутаттар тарапынан түскен сұрақтар төңірегінде аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.