ЖЕҢІС ЖАУЫНГЕРІ

0

Адамзат баласы жаратылғалы қаншама соғыстың парағын ақтарып, қаншама жеңістер мен жеңілістердің куәсі болдық, десеңізші. Сансыз сарбаздар жараланып мүгедектік халін кешті, қаншасы қара майдан даласынан қайтып оралмады.

Сол азаматтардың әрқайсысының үйінде бала-шағасы, ата-анасы сарғая да сағына күтті. Жақындары мүгедектіктің қамытын киіп соғыста жараланса да, бастысы олардың аман-есен отбасына оралғандарына қуанды. Араларына қайта қосылғанына, қатарларын көбейткеніне Құдайға мың мәрте шүкіршілік айтты. Міне, осындай таңбалы тарих беттерінің арасында қасіреті көп, қайғысы қалың оқиғалардың бірі де бірегейі екінші Дүниежүзілік соғысы еді. Қазақстаннан 1941-1945 жылдар аралығында миллиондаған боздақтар соғыс майданына аттанды. Ерлікпен қаза тапқан, еліне қайта оралып қаһармандығымен есте қалғандардың есімі туған жерлерінің төрінде орналасқан ескерткіш тақталарға ойылып жазылды. Бүгінде ашық аспан астында бейбіт күн кешіп жатқанымызға сексен жылға жуықтады, шүкір. Ал, сол сұрапыл соғыстың қаһармандары мәңгілік жадымызда жатталды. Себебі қазіргі ұрпақ бәлкім осы сүріп жатқан әрбір күні үшін де сол майдангерлердің ерен ерлігіне қарыздар болар.

Міне, осындай майдангерлердің қатарында 1942 жылы «Ерлігі үшін», 1943 жылы «Жауынгерлік еңбегі үшін», 1945 жылы «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, 1967 жылы «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл», 1969 жылы «ҚСРО Қарулы күштеріне 50 жыл», 1985 жылы «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 40 жыл» мерейтойлық медальдарымен, 1985 жылы «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» Орденімен және 1995 жылы Кеңес Одағының маршалы «Г.К.Жуков медалімен» марапатталған менің нағашы ағам – Бейсембек Әсетаевтың есімі аталады. Ол 1923 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданында туған. 1939 жылы Қордай өңірінен әскерге шақырылып, содан 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысының отты жылдарында қатардағы жауынгерден аға лейтенант шеніне дейін көтеріліп, 44-запастағы атқыштар полкі, 3-запастағы атқыштар дивизиясында, 1124 атқыштар полкі 334 атқыштар дивизиясы 407 жеке барлау ротасында әскери міндетін атқара жүріп, Ресей, Украина, Беларусия, Литва, Латвиядағы майдандарға қатысып, жеңістің туын тіккелі Берлинге дейін барады. 1945 жылдың наурыз айында оққа ұшырап, ауыр жараланған жауынгер Бейсембек Әсетаев әскери эвагоспитальда бір жыл жатып емделеді. Айбынды да адал жүректі азамат эвагоспитальдан жазылып шыққан соң еліне бірден оралмай, әскердегі борышын толық атқару мақсатында тағы бір жылға әскерде бөгеледі. Сөйтіп табаны туған жерге тек 1947 жылы ғана тиген. Жерлестері батырды аса қошеметпен қарсы алып, ауылда есепші қызметіне орналастырады. Отыз жылға жуық қызметін адал атқарған Бейсембек ағам 1975-1976 жылдар аралығында соғыстағы жарақаты асқынып, денсаулығына байланысты жұмыстан шығады. Содан аттай он жыл колхоздың қойын бағып еңбекке араласады, ал 1985-1986 жылдары зейнетке шығып бейнетінің зейнетін көреді. Бейсембек ағамның адамгершілік, кісілік қасиеттеріне аздап тоқтала кетсем: табиғатынан кімді болса да сыртқа теппей, қашанда ішке тарта, қарағым, шырағым, айналайын деп отыратын, өте биязы, мәдениетті, сабырлы, көпшіл жан еді. Отбасында аяулы жар, ардақты әке болған Бейсембек Әсетаевтың артында екі қыз, бір ұлы қалды. Қазір сол ұл-қызынан тараған немере-шөберелері үлкен әулетке айналды. Олардың әрқайсысы өмірде өз орындарын тапқан жандар. Биыл Бейсембек ағамның туғанына 25 қарашада жүз жыл толуда. Осы мерейлі сәтті ескеріп ұрпағы — баласы Махат, немересі Мейірлан және жақын туған-туыстары еліне елеулі, халқына қалаулы майдангер аталарын еске түсіріп, Құран бағыштап Ас берді.

«Ер есімі – ел есінде» демекші, Бейсембек Әсетаевтың ерен ерлігі, өмір жолы бүгінгі жастарға үлгі-өнеге. Біз де нағашы ағамыздың есімін әрдайым мақтан тұтып еске аламыз. Есімі ел ішінде сақталған азаматтың рухы разы болып, арты кеніш, алды пейіш болсын дегіміз келеді.

Құралай АҒЫБАЕВА, ҰОС ардагері Бейсембек Әсетаевтың жиен қарындасы, ҚР Мәдениет қайраткері

Leave A Reply

Your email address will not be published.