СПОРТТА ЖЕТКЕН ЖЕТІСТІКТЕР АЗ ЕМЕС

0

Бүгінде елімізде спорт саласы қанатын кеңге жайып, дамып келеді. Ауданымызда да бұл сала қарыштап, қадамын нық басуда. Халықты салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған шаралар артып, спортпен шұғылдану мүмкіндіктері де жетерлік.

Соңғы жылдары ауданымыздың бірнеше елді мекенінде спорт кешендері және алаңдары бой көтеріп, ауылдағы балақайлар бос уақытын пайдалы іске арнауда. Олардың спорттағы еліктейтін жұлдыздары да баршылық. Сол кумирлерінің арасында Қордайдан шыққан спортшылар да кездеседі. Ендеше, жыл соңында ауданнан шыққан ең мықты деген спортшылардың жетістіктерін еске салып өтсек.

Сарыбұлақ ауылының тумасы, талантты спортшы Данил Федоров қазіргі таңда ауданымыздың «Қазақ күресін» алға сүйреп жүрген апайтөс жігіттердің бірі. «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің аудандық іріктеу кезеңінде ауыр салмақта топ жарған ол облыстық іріктеуде аймақ бойынша өз мықтылығын дәлелдеп берген еді. Астанада өткен республикалық турнирде де облыс намысын қорғай білді.

Биыл Аlmaty Arena-дa Қазақстанның «Naiza» және Ресейдің «Ural FC» промоушендерінің бірлесе ұйымдастыруымен аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өткені белгілі. Аталмыш турнирде бақ сынаған жерлесіміз Қазбек Сағын кештің маңызды жекпе-жегіне шығып, Naiza-ның супер жеңіл салмақтағы чемпионы атағын жеңіп алғаны әлі көпшіліктің есінде. Қазбек Сағын қоян-қолтық жекпе-жектен түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, панкратионнан халықаралық дәрежедегі, самбодан әмбебап жекпе-жек түрінен спорт шебері.

Сонымен қатар, биыл Алматы қаласында қол күрестен өткен 44-ші Әлем чемпионатында жерлесіміз Раушан Жаналиева екі дүркін Әлем чемпионы атанды. Ол 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ешкімге дес бермей, бүкіл қарсыластарын жеңіп шықты. Ауданда осы спорт түрі қарқынды дамып келеді. Болашақта Раушандай чемпиондар әлі шығатынына сенім үлкен.

Осы жылы тағы бір жерлесіміз Асхат Жантұрсынов UBO нұсқасы бойынша Азия чемпионы атанды. Ауқатты ауылы тумасының Түркияның Стамбул қаласындағы жеңісі кәсіпқой бокстағы әлемдік деңгейге жасалған үлкен қадамы. Болашақта үлкен бокс ареналарында еліміздің даңқын асқақтататынына сенеміз.

«Шынықсаң шымыр боласың» дегендей салауатты өмір салтын қалыптастыру болашаққа деген қадамның үлгісі екені анық. Жерлестеріміздің осындай үлкен жетістіктері арта берсін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.