ЕЛ ЖАДЫНАН ӨШПЕСІН ДЕП

0

Өткен жылдың желтоқсан айында Кенен ауылында еңбек ерлеріне, бүгінде өмірден өткен, алайда ерен еңбегімен ел есінде қалып, жерлестер арасында зор беделге ие болған азаматтарды еске алуға арналған тамаша іс-шара қолға алынған болатын. Ауылдық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен шараға тұрғындар, еңбек ардагерлерінің ұрпақтары қатысты.

Алдымен ауыл үлкендері Қордай батыр ескерткіші жанында Кенен ауылында өмірден өткен барша еңбек адамдарына арнап Құран бағыштап, одан кейін ауылда ары қарай келелі жиынды жалғастырды. Осы күні қос бірдей ардагердің өздері тұрған үйінде ескерткіш тақта ашылды.

Ашылу салтанатында сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынбек Сегізбаев ескерткіш тақта ашылған азаматтардың өмір жолы турасында баяндама жасаса, кеңес мүшесі Шопан Елубаев еңбеккерлердің елеулі ісі жайында сөз етті. Мәселен, осы күні ескерткіш тақта ашылған Нысанбай Дүйсенбаев бар ғұмырын мал шаруашылығына арнаған адам болған. 1976 жылы 100 саулықтан 180 қозы, әр қойдан 4,3 кг жүн қырқып, облыс бойынша рекорд жаңартқан ол «Еңбек Қызыл ту» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Кейінгі жылдары атақты шопан әр қойдан кемінде 120-150 қозы алып, озат шопан атағын абыроймен қорғай білген. Жан жары Әминамен ұл өсіріп, қыз тәрбиелеген олардың өмір жолы талайға үлгі.

Ескерткіш тақта озат шопан болған Ырғабай Қарабеков тұрған үйге де орнатылды. Ырғабай Қожамқұлұлы 1976 жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталса, «Еңбек даңқы» медалін екі рет кеудесіне таққан. Мал шаруашылығын дамытудағы жоғарғы жетістігі үшін үш рет арнайы қола медальмен, бір рет күміс медальмен марапатталған. 100 саулықтан 120-140 төл алып, «Мал шаруашылығы шебері» атағын да қанжығаға байлаған.

Қазақта «Көз көргендер» деген тамаша сөз бар. Бұл бүгінде бақилық болып кетсе де сол «көз көргендер» еңбегін елеп, ел жадында қалсын деген ниетпен жасап отырған шара. Кенен ауылында аталмыш жұмыс дәстүрге айналып, ары қарай да жалғасын таппақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.