МҮМКІНДІГІМІЗ БЕН АРМАНЫМЫЗ ОРТАҚ

0

Мүгедектігі бар азаматтар күніне орай Қордай аудандық «Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» Қордай ауылындағы бұқаралық спорттық сауықтыру кешенінде «Спорт – денсаулық кепілі» атты эстафеталық жарыс ұйымдастырды. Ізгілік пен бірлікке үндеген бұл шараның басты мақсаты – қызмет алушы балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, олардың бойындағы қабілеттерін шыңдап, қоғамға белсенді араласуына қолдау көрсету.

«Жанашырлыққа жан риза» демекші, адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Қамқорлықты қажет ететін балаларға қол ұшын созып, оларға жүрек жылуын ұсыну — әрбір азаматтың парызы.

Мерекелік іс-шара орталықтың қызмет алушысы Расулдың орындауындағы «Досым» әнімен ашылды. Әсем әнмен басталған шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, достық пен татулықтың маңызын айшықтай түсті.

Жарыстың ашылу салтанатында «Әdilet» партиясы Қордай аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов қатысушыларды мерекемен құттықтап, білдірген ақжарма тілегінде балаларға әрдайым қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.

Сайыстың әділ өтуін қадағалаған қазылар алқасының құрамында

«Әdilet» партиясы Қордай аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Тлебалдыұлы, Қордай ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейітқали Солтанай, Қордай ауылдық округі әкімінің орынбасары Ахат Мықышев болды.

Эстафеталық жарыста қатысушылар «Шабыт» және «Бақыт» болып екі командаға бөлінді. Олар «Кім жылдам?», «Соңғы доп», «Кім епті?», «Самокатпен жарыс», «Ракетка», «Бочка» және «Арқан тартыс» сияқты тартысты әрі қызықты ойындарда бақ сынасты.

Әр кезеңде балалар өздерінің ептілігі мен жеңіске деген ұмтылысын танытып, бір-біріне қолдау білдірді.

Жарыс қорытындысы бойынша тартысты ойында І орынды «Шабыт» командасы жеңіп алса, ІІ орын «Бақыт» командасына бұйырды. Барлық жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар арнайы грамоталармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Шара соңында ұйымдастырушылар осындай игі бастамалардың балалардың өзіне деген сенімділігін арттырудағы маңызы зор екенін атап өтті. «Бәріміз әртүрліміз, бірақ мүмкіндігіміз бен арманымыз ортақ!» деген ұстанымды арқау еткен бұл сайыс қатысушыларға ұмытылмас әсер қалдырды.

Н.ЖАМАНҚҰЛОВА, орталықтың әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.