«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі»

0

16 қаңтар  күні  №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 6-сыныбының оқушы  қыздарымен Қордай аудандық Аналар алқасы мүшелері және мектеп басшылығы бірлесіп «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік т.б жан-жақты ұлттық қасиеттерін таныта білу, қазақ халқының әдет-ғұрпы арқылы қыз баласын тәрбиелеу, ой ұшқырлығын, қиялын, жауапкершілігін дамыту,  патриоттық сезімін ояту және бауырмалдыққа, ауызбіршілікке үйрету мақсатында  өткен шараға Қордай аудандық «Аналар алқасы» кеңесі төрайымының орынбасары Нуралина Алтынкүл, аудандық «Аналар алқасы» кеңесінің мүшелері Оспаниянова Муза, Бейсебаева Лилия және №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры  Суджата Сарғаскаева қатысты.

Қазіргі қоғамда қыз балаларының тәрбиесіне қатысты алаңдататын  мәселелер, қазақ қызының болмысы, қыздардың теріс жолға түсіп кетуінің алдын алу т.б тақырыптар көтеріліп, оқушылар мен қонақтардың ұтымды пікірлері тыңдалды. Дөңгелек үстел барысында қосымша білім беру педагогтары Ұ.Қалдыбек және А.Ермекбай оқушы қыздармен жағдаяттық сұрақтарды талқылады. Осы орайда «Аналар алқасы» кеңесінің мүшесі Нуралина Алтынкүл «Қазіргі  заман  қыз  бала  тәрбиесіне ерекше мән  беруді  қажет  етеді.  Қыз  баланы  тәрбиелеу – ұлтты  тәрбиелеу  деген  сөз.    Отбасы – қоғамның  бір  бөлшегі. Ал отбасының  алтын  қазығы – әйел  адам.  Бесігінде  жақсы  тәрбие  алған, үлгі  өнеге  көрген қыз  бала  болашақта  да сол  әдебін  сақтайды.  Сондықтан  да,  бүгінгі    ұлттық  салт-дәстүріміздің қыз  бала  тәрбиесіне ықпалы мол»,- деп өз ақыл-кеңесін айтты.  «Біздің  халықта ежелден  келе  жатқан  ұғым – тәлімде өнегелі  қыздың бойжетіп  өсуі ата-анаға және  оның  тәрбиесіне  байланысты. Данышпан  ақын  Жүсіп  Баласағұн  өзінің  «Құтты  білік» деген  еңбегінде  «Қызға үлгі  көрсет, ерлік  ізгілікті басшылықа ала отырып, әдеп  пен инабаттылықты  үйрет.  Сұрағанын  бер, көз  алдыңнан  таса  қылма, мықтап  күзет» дей  келе, қыз  баланың  барлық  талап – тілегін орындау  арқылы қатал  ұстауды   міндеттеді»,- деп толықтырды  аналар алқасының мүшесі Оспаниянова Муза. «Қоғамдық орындарда, мектептегі  кейбір қыздарымыздың  тәртібінің  төмендеп  бара жатқандығын байқаймыз. Осы мәселені шешудің қандай жолын ұсынар едіңіздер?» деп мектеп директоры С.Сарғасқаева оқушылардың пікірін білмек болды.

Қыздар арасында орын алатын келеңсіз жағдайлар  оқу-тәрбие  жұмыстарына кесірін  тигізетіндігі жайында оқушылар ұтымды жауаптарымен  бөлісіп, себебін және одан шығу жолдарын ұсынды.  Осы орайда жаман әрекетке  шектеу  қоятын  бірден  бір адам, ол  ата- ана екендігін баса айтып өтті.

Түйін:  «Қыз – болашақ ана», «Қыз өссе елдің  көркі, гүл өссе жердің көркі».  Қыз  баланың тым әлем-жәлем киінуі, орынсыз боянып-сылануы ерсі болады.   Бұл оның тәрбиесінің  төмендігін көрсетеді.

Құрметті ата-аналар!

Өміріміздің қызығы – балаға дұрыс тәрбие бере алмасақ, оның келешегіне де үміт артпай-ақ қояйық. Күндіз –түні тынбай еңбектенсеңіз мол ақша  табуыңыз мүмкін, ал есейген  балаңыздың бойына сіңіре алмаған тәрбиені күндіз  қолыңызға шырақ алып іздесеңіз де  таппайсыз. Сондықтан  да басты назарды бала  тәрбиесіне аударайық. Ағашыңыздың жемісін  жегіңіз  келсе, шыбық кезінде  дұрыстап қараңыз. Сонда  ғана еңбегіңіз  еш кетпейді. Біздің  халқымызда  «қыз»  деген сөздің  өзі әдеміліктің, жан-жақты  сұлулықтың рәмізі ретінде қолданылады.

Қордай аудандық ардагерлер кеңесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.