Ауыл тазалығы – әр азаматқа сын. Әсіресе, шекаралық аймақта орналасқан, республикалық маңызы бар жол өтетін аудан іші мұнтаздай таза болып тұруы тиіс. Ауылға келген әр қонақ алдымен ауылымыздың тазалығына қарап баға беретіні жасырын емес.
Ауылдық округ әкімдерінің негізгі жұмыстарының бірі елді мекен тазалығын қамтамасыз ету екендігі белгілі. Әкімдік қызметкерлері бұл бағытта тиісті шара қолданып, аудан халқын тазалыққа шақырып келеді. Сонымен қатар, ауыл тазалығының сақталуына қоғамдық жұмысшылардың да қосып жатқан үлесі зор екендігін атап өткен жөн. Қыстың қытымыр аязына, шілденің аптап ыстығына қарамастан күнделікті ауылдың, көшенің тазалығын қамтамасыз етіп келеді. Ал көптеген тұрғындар өкінішке қарай ауыл тазалығы тек әкімдіктің міндеті деп санайды. Тіпті, өз үйлерінің маңайын тазаламайды, қоқысты көшеге шығарып лақтыра салады, көлікпен кетіп бара жатып сусынның құтысын жол бойына тастап бара жатады. Өз туған жерінің тазалығына бей-жай қарап, немқұрайлылық танытатын мұндай жандарға қарап ішің ашиды. Ауыл тазалығы төңірегіндегі мәселе – айта-айта жауыр болған тақырып. Аудандық газет бетінде де бұл проблема бұрыннан жазылып келеді. Ауылдық әкімдіктің қызметкерлері белгіленбеген жерлерге қоқыс тастамау қажеттілігі, ол үшін жауапкершіліктің қарастырылғаны жөнінде ескертпе тақтайшаларын іліп, көше-көшелерге бейнебақылау камераларын орналастырды. Енді тұрғындар қоқыс тастауға тыйым салынған орындарға тұрмыстық қалдықтарын қалдырмай, заңға бағынса ғана оң нәтиже шығарары анық. Әр аула иесі қоқыс шығару қызметімен айналысатын ұйымдармен келісімшартқа отыра алады.
Осы ретте, аудан тұрғындарына ауыл тазалығына ауылдың әр азаматы бас-көз болып, атсалысатын болса ауылымыздың көркейіп, бұдан да ажарлана түсетінін айтқым келеді.
Жуырда Қордай аудандық мәслихатымен «Қордай ауданы бойынша халық үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы» шешімі депутаттармен мақұлданып қабылданды.
Әлібек ОМАР, Қордай аудандық мәслихатының депутаты