Қордай ауылындағы Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығында Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне 35 жыл толуына орай мекеме қызметшілері арасында кіші футболдан аудандық ашық турнир өтті.
Спорттық додаға аудандық аурухана, ветеринарлық қызмет, шекара қызметі, аудандық полиция бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімі, ІІБ Күзет қызметкерлері және білім бөлімінің мұғалімдерінен жасақталған командалар қатысты.
Шараның ашылу салтанатында құттықтау сөз алған аудандық спорт бөлімінің басшысы Ғ.Әлімжанов және Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының директоры Е.Акпаев қатысушыларға сәттілік тілеп, Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу және өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалар ерлігін үлгі етуге ықпал етудің маңыздылығын атап өтті.
Жартылай финалда ақтық сынға жолдама алған мұғалімдер мен шекара қызметі командаларының ойыны тартысты өтті. Шекара қызметі өз қақпасына есе жіберіп, мұғалімдер командасы осы турнирдің чемпиондары атанды.
Ал, үшінші орынға аудандық полиция бөлімі мен төтенше жағдайлар бөлімі ие болды.
Сондай-ақ, аудандық турнирдің үздік ойыншыларына бірқатар номинациялар берілді. Атап айтатын болсақ, «Үздік қақпашы» — Даурен Амеркулов (Шекара қызметі), «Үздік шабуылшы» — Дүйсен Қасым (ТЖБ), «Үздік ойыншы» — Иниятов Саламат (мұғалімдер командасы) атанды. Жеңімпаз командалар диплом, медаль және кубоктармен марапатталды.