Жеке кәсіпкер жарты жылда бір рет жеке табыс салығын және ай сайын қызметкерлері үшін әлеуметтік төлемдерді төлеп отыруы керек.
2024 жылы Қазақстанда базалық көрсеткіштер өзгеріп, заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бірыңғай жиынтық төлем қолданыстан шықты. 1 қаңтардан бастап бизнесті тексеруге салынған 4 жылдық мораторий аяқталды. Оған қоса олар 3 жыл бойы салықтан босатылды. Енді заң бойынша салық төлеп, есеп беруге міндетті. Әрі жұмыс берушілер енді жұмысшылары үшін зейнетақы жарнасын төлеп тұруы керек.
Осы орайда Информбюро порталы жеке кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген салық режиміне қатысты жадынаманы ұсынады.
1 қаңтардан бастап Қазақстандағы базалық көрсеткіштер өзгерді:
жалақының ең төмен мөлшері (ЖТМ) – 85 000 теңге;
базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 28 215 теңге;
зейнетақының ең төмен мөлшері – 57 853 теңге;
айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 692 теңге;
күнкөрiс деңгейiнiң ең төмен шамасы – 43 407 теңге.
№1. Жеке кәсіпкер өзі үшін қандай салық пен аударымдар төлеуі керек?
Ай сайын өзі үшін:
міндетті зейнетақы жарналарын – кірісінің 10%-ы;
жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын – кірісінің 1,5%-ы;
әлеуметтік аударымдарды – міндетті зейнетақы жарналары шегерілгендегі жалақының 3,5%-ы;
медициналық сақтандыруға жарна – 1,4 ЖТМ-ның 5%-ы (5 950 теңге) төлейді.
Табыс түспеген айда өзіңіз үшін медициналық сақтандыру жарнасынан басқасын төлеу міндеттелмейді.
Мысалы, жалақының ең төмен мөлшерінде (85 000 теңге) есептеп көрейік:
міндетті зейнетақы жарналары: 85 000 × 10% = 8 500 теңге;
жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары: 85 000 × 1,5% = 1 275 теңге;
әлеуметтік аударымдар: 85 000 × 3,5% = 2 975 теңге;
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары: 1,4 × 85 000 × 5% = 5 950 теңге.
Сонда 85 000 теңге жалақы алатын жеке кәсіпкер өзі үшін ай сайын 18 700 теңге төлейді. Жеке кәсіпкер өзіне және жұмыскерлеріне бұдан төмен жалақы қоя алмайды.
№2. Ал жұмыскер үшін қандай салық пен аударымдар төлеуі керек?
Ай сайын жалдамалы жұмыскер үшін төлейді:
міндетті зейнетақы жарналары – еңбекақы × 10%;
жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары – еңбекақы × 1,5%;
әлеуметтік аударымдар – (еңбекақы − МЗЖ) × 3,5%;
медициналық сақтандыру жарнасы – еңбекақы × 2%;
медициналық сақтандыру аударымдары – еңбекақы × 3%;
жеке табыс салығы – міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары шегерілгенле еңбекақының 10%-ы.
№3. Кірістен салық қалай есептеледі?
Жеке кәсіпкерлік төлейтін табыс салығы табыс мөлшерінің 3%-ын құрайды. Оның 1,5% — табыс салығы, 1,5% — әлеуметтік салық:
Табыс салығы (ЖТС/КТС) үшін айналымның 1,5%-ы есептеледі;
Әлеуметтік салық – жеке кәсіпкерлік пен жұмыскерлер үшін әлеуметтік аударымдарды алыс тастап, кірістің 1,5%-ы есептеледі.
№4. Жеңілдетілген режимде салықты қашан төлеу керек?
Өзіңіз үшін және жұмыскерлер үшін салықты әр айдың 25-іне дейін төлеу керек. Ал табысқа салынатын салықты (жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық) бірінші жартыжылдық үшін 25 тамызға дейін және екінші жартыжылдық үшін келер жылдың 25 ақпанына дейін төлеу керек.
Мемлекеттік органдар мерзімі өткен әр күн үшін өсімпұл есептейді. Оның мөлшерін салық органынан біле аласыз. Заң бойынша 1 жыл ішінде төлем мерзімін қайта бұзған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады.
№5. Жеке кәсіпкер міндетті зейнетақы жарналары үшін қанша теңге аудару қажет?
Кәсіпкерлер ай сайын өзі үшін және қызметкерлері үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударуы қажет. Оны жұмыскердің жалақысынан ұстамай, жұмыс беруші есебінен төлейді.
2024 жылғы мөлшерлеме – жалақының 1,5%-ы, кем дегенде – 1 275 теңге, ең көбі – 63 750 теңге.
Ал егер зейнетақы жарнасы жалақыдан төленетін бірыңғай төлем құрамында төленетін болса, онда 2024 жылы төлем мөлшерлемесі 7% болады.
Егер жеке кәсіпкер не компанияның қызметкері:
жасына қарай зейнеткер;
еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алатын зейнеткер болса;
мүгедек тобы мерзімсіз белгіленген I және II топ мүгедектері;
әскери қызметшілер (шұғыл әскери міндет атқарушылардан басқа), лауазымдарынан 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап айрылған арнайы органдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері;
ай сайын қамтылым алатын судьялар;
1975 жылғы 1 қаңтарға дейін дүниеге келсе онда міндетті зейнетақы жарналарын төлеудің қажеті жоқ.
Сондай-ақ жеке кәсіпкер өткен айда табыс таппаса, онда өзі үшін жарна төлеуге міндетті емес.
№6. Жеңілдетілген салық режимінен жалпыға бірдей белгіленген режимге қашан өту керек?
Компанияның айналымы бір жылда 20 мың АЕК-тен асып кетсе ҚҚС бойынша есепке тұрып, тоқсанына бір рет қосымша 12% төлеу керек. Ал жарты жылда 24 038 АЕК-тен асып кетсе компания жалпыға бірдей белгіленген режимге өтуі керек.
Режимді ауыстыру үшін айналым асып кеткен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жеке кәсіпкерліктің орналасқан жері бойынша салық органына өтініш беріңіз. Жалпыға бірдей белгіленген режим сол айдың бірінен бастап қолданылады. Мысалы, 10 ақпанда шектен асып кетсе, онла жаңа салық режимі 1 наурызда басталады.
№7. Салық бойынша жылды жабу үшін не істеуі керек?
жеңілдетілген режимдегі компания 2023 жылғы II жартыжылдық үшін:
ЖК және қызметкерлер үшін барлық салықты төлеуі керек;
2024 жылғы 15 ақпанға дейін салық есебін тапсыруы керек;
2024 жылғы 25 ақпанға дейін табыстан 3% салық төлеуі керек.
№8. Зейнеткер үшін қандай салық пен аударымдар төлеу керек?
Жеңілдетілген режимде зейнеткер жұмыскер үшін тек жеке табыс салығын төлеу керек. Ал жеке кәсіпкердің өзі зейнеткер болса, онда өзі үшін ай сайынғы салықты төлеу талап етілмейді.
Informburo.kz