ҚАЗАҚШАҢ ҚАЛАЙ, АҒАЙЫН?

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Қордай ауданына жұмыс сапарымен барғанында, әсіресе дүнген ұлты өкілдерімен кездесу барысында: «Сіздердің балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек. Сондай-ақ орыс тілі мен өзінің ана тілін де білуі қажет. Мемлекет сіздердің мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап, дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Дегенмен сіздер, әсіресе, ауылда тұратын азаматтар мемлекеттік тілді білгендеріңіз аса маңызды», деген еді.

 Ал, күні кеше өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ құрылтайында ел Президенті «Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын одан әрі кеңейтуге күш жұмылдырамыз. Ана тілімізді ардақтамасақ – елдігімізге сын», деген сөздерді айтты.

Қордайға жасаған Президент сапарынан кейін онда не өзгерді, өзге ұлт өкілдері арасында тілге деген құрмет арта түсті ма? Осы сұрақтар төңірегінде жауаптар іздестіріп көрсек. Жақында Қордай ауданына жұмыс сапарымен барған «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы Масаншы ауылында өткен кездесуінде осы қазақ тілі төңірегінде дүнген ағайындармен бірқатар мәселелерді қаузаған болатын. Белгісіз себептермен бұл жиынға ауыл әкімі қатыса алмағаны бірқатар сұрақ туғызған еді. Жә делік… Кездесуге келген ауыл ақсақалдары, білім ошақтарының басшылары бірауыздан шын мәнінде мемлекеттік тілге деген сұраныстың биылғы жылы екі есеге артқанын айтуда. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей қадағалауымен іске асқан тіл саясатының қазіргі бағыты оңды-ақ. Дей тұрғанымен де, әлі де болса қамшы басар тұстар да жетерлік сияқты.

«Тіл үйренуде арқаны кеңге салып, керіліп жүретін уақыт жоқ. Облыс тарапынан түрлі әдістемелік материалдар дайындалып, тіл үйрену курстарының ауылда артқанын білеміз. Осы орайда өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінде байқаулар, небір жарыстарды ұйымдастыру арқылы тілді меңгеруде көп нәрсе ұтуға болады. Осы жұмыстарды ауыл мектептері мықтап қолға алса деген ойымыз бар. «Тәрбие тал бесіктен» деген дана халқымыз. Балабақшадан бастап тіл үйрету жағы жақсы қолға алынса, көп ұзамай нәтижесі де шығады», — деді кездесу барысында Сәуле Мешітбайқызы. Ал, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Дыдыр Двумаров округте тіл үйрету курстары ашылғаны жақсы, алайда солар әр апта болмаса әр ай сайын қорытындысын көпшілікке ұсынса, сол арқылы тілді қаншалықты меңгерді не болмаса қаншалықты ақсап тұр, білер едік, осыны жауаптылар қолға алса деген ұсынысын жеткізді. Аталмыш жиынға қатысқан ауыл үлкендерінің бірі, бүгінде тоқсанды алқымдап қалған Юбур Арса есімді ақсақал тілді үйренудің бірден-бір құралы ол тығыз араласу екенін алға тартты. Яғни, адамдар неғұрлым жақын араласса, сөйлессе, түрлі бағдарламалардың көмегінсіз-ақ меңгеріп алуға болады, дейді қария. Өзі қазақ тілінде еркін сөйлеп, ойын анық жеткізе алатын ақсақалдың ұсынысына бас изесті жиналған жұрт. Негізінен Масаншы халқының үлкендері қазақ тілінде сөйлей, түсіне алатынын, жастар арасында тілге деген ниет болмағанын да жасырмайды жұртшылық. «Сананы тұрмыс билеген» заманда тілді емес теңгені көп ойлайтын, рухани дамудан гөрі доллардың бағамын жақсы танығандардың бетін бері бұру оңай шаруа еместігін айтуда ауылдағы ағайын. Бұл да жөн шығар. Бірақ, қазақта құрмет деген тамаша сөз бар. Сол құрметті өзге ұлт өкілдері ұмытпағаны жөн сияқты. Осы орайда жас ұрпақтың бойына сәулелі білімді құйып жүрген ұстаздар қауымы да сөз алып, ойларын ортаға тастаған болатын. Масаншыда үш орта мектеп бар болса, соның біреуі таза қазақ тілінде білім берсе, қалған екеуі аралас мектептер. Жиынға қатысқан №12 орта мектеп директоры Төлеген Ембердиев, №50 орта мектеп директоры Біржан Бұйымбаев және №13 қазақ тілді орта мектеп директоры Қамбар Иманқұловтар қазіргі таңда мектептерде тілге деген сұраныс артқанын айтып, ол бағыттағы жұмыстарын жандандыратындарына сендірді. Ал, таза қазақ тілінде сөзге араласқан «Ертөстік» балабақшасының тәрбиешісі Мадина Газаева тіл үйренуде ешқандай қиындық жоқ екенін айтып, балалар бақшасында қазақ тіліне деген сұраныстың артқанын айтса, «Ботақан» балабақшасының меңгерушісі Рахия Джинлирова да өз ойын ортаға салып, балалардың тілді жылдам игеріп жатқанын жеткізді.

Енді, осы орайда аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Тілді оқыту орталығы» ұсынған мәліметтерге сүйенсек,  қазіргі таңда қазақ тілін жеделдетіп оқытатын курстар ашылып, оның жұмысын жүргізуге қазақ тілінің білікті 40 пән мұғалімі тартылған.  Бүгінгі күнге жалпы 595 педагог (оның ішінде 459 мұғалім, 136 тәрбиеші) курстан өтуде, оның 167-і (оның ішінде 140 мұғалім, 27 тәрбиеші) бірінші деңгейдегі мемлекеттік тілді меңгеріп, келесі кезеңге өткен.  Аталған орталықта 2020 жылдың қаңтар айынан бастап барлығы  812 тыңдаушы, оның ішінде  725 дүнген,  57 орыс, 14 қырғыз, 4 әзірбайжан, 6 өзбек, 2 ұйғыр, 1 балғар, 1 кәріс, 1 қарашай, 1 татар ұлты өкілдері қамтылған. Оның ішінде оқу курсын аяқтаған тыңдаушылар саны 255 адам. Ал, Сортөбе, Масаншы, Ауқатты, Қарасу, Бұлар батыр ауылдарында 25 топта 326 тыңдаушы дәріс алып, қазақ тілін игеруде жақсы көрсеткіштерге ие болған. Нақтылап айтсақ,  Сортөбе ауылында — 12 топ, 165 тыңдаушы, Масаншы ауылында — 6 топ, 69 тыңдаушы, Ауқатты ауылында — 2 топ, 28 тыңдаушы, Қарасу ауылында 2 — топ, 22 тыңдаушы,  Бұлар батыр ауылында – 3 топ, 42 тыңдаушы. Осы қарқынмен жалғасатын болса өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін меңгергендер саны келесі жылы едәуір артатыны анық.

 Ж.Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.