МАҚСАТЫМЫЗ – САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

0

Отар ауылдық округінде кәсіпкерлік өрісі кеңейіп келеді. Он екі мың халқы бар елді мекенде қарапайым тұрғынға қажеттің барлығы бар. Жақында жаңа монша мен қонақ үй бой көтерді.

Бұл бастаманы Жақыпсейітовтер отбасы қолға алды. Осыған дейін шағын дүкен мен көлік жуу орнын кәсіп етіп жүрген олар кәсіпкерлігінің өрісін кеңейтуді қолға алды. Мұхамедалы Жақыпсейітов кезінде ауылдағы моншада жұмыс істеген. Өзінің тәжірибесін пайдаланып, монша ашуды көздеді. Алдымен жарын «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында оқытып, сертификат алып «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан 20 млн несие алды. Осылайша, ойлағанын іске асыру сәті туды. Сонымен қатар, кәсіпкер қонақ үй де салды.

2023 жылдың желтоқсан айында құрылыс аяқталған кәсіпкерлік нысан әлі толық іске қосылмады. Мұхамедалы Жақыпсейітов соңғы дайындықты пысықтап, жақын арада жұмысты бастауды жоспарлап отыр. Бұл істе оған ұлы Жеңісбек Жақыпсейітов көмек көрсетеді.

— Отар ауылы темір жолдың бойында орналасқан, сонымен қатар жанымызда әскери гарнизон бар. Ауылға келімді-кетімді кісі көп, жолаушылар жиі қатынайды. Нарықты зерделеп, қонақ үй салуды ойладық. Барлық жұмысты ұлым Жеңісбек басқарады. Оған кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреттім. Жақын арада есігімізді айқара ашып, қызмет көрсетеміз. Моншамыз да қонақ үйіміз де дайын, — дейді Мұхамедалы Жақыпсейітов.

Айта кетсек, қонақ үй 14 орындық, 5 номері бар. Әр жатын бөлмеде төсектері, жуынатын орны мен әжетханасы бар, іші мұнтаздай таза. Ал, монша 12 келушіге арналған. Кәсіпкерлік нысанда 5 жұмыс орны ашылмақ.

Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.