САРЫБҰЛАҚТЫҢ ТӘТТІ ТҮБІРІ ЖИНАЛУДА

0

Күз – диқан қауымы үшін жыл бойғы маңдай тер мен табанды еңбектің нәтижесі сараланып, жер-ананың жомарт тартуы жиналатын ерекше кезең. Көктемде жер жыртып, дән сеуіп, жаз бойы алқаптың күтіміне көңіл бөліп, әр өскіннің жайқалып өсуіне жағдай жасаған шаруалар үшін күзгі науқанның орны бөлек.

 

Өйткені бұл мезгіл – атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылып, мол өнімнің игілігін көретін, берекелі еңбектің жемісі бағаланатын шақ. Әсіресе, ауыл шаруашылығының маңызды салаларының бірі саналатын қант қызылшасын өсірумен айналысатын диқандар үшін күздің әр күні қымбат.

Қордай ауданында биыл да қант қызылшасын өсіруге басымдық беріп, күзгі жиын-терім науқанына қызу кіріскен шаруашылықтар жоқ емес. Солардың қатарында Сарыбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Азиз» шаруа қожалығы. Көп жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан бұл қожалық бүгінде қант қызылшасын жинау жұмыстарына кірісіп, алқаптағы қарбалас тіршілікті бастап кетті. Шаруашылық ұжымы үшін бұл кезең – бірнеше ай бойы атқарылған еңбектің нәтижесін көріп, өсірілген өнімді уақтылы жинап, өңдеуге жөнелтетін жауапты науқан.

«Азиз» шаруа қожалығы 1998 жылы Ибраим Варшакидзенің жетекшілігімен құрылған. Содан бері шаруашылық ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысын жүйелі түрде жүргізіп, егін өсірумен айналысып келеді. Шаруашылықтың қалыптасуы мен дамуы жолында атқарылған жұмыстардың өзіндік орны бар. Өйткені жермен жұмыс істеу, өнім өсіру және оны тиімді өткізу – үлкен тәжірибені, төзімділікті әрі тұрақты еңбекті талап ететін кәсіп. Табиғаттың мінезіне бейімделіп, ауа райының әр құбылысын ескеру, егістік алқаптарын уақытылы күтіп-баптау, қажетті агротехникалық шараларды орындау арқылы ғана мол өнімге қол жеткізуге болады. Осы тұрғыдан алғанда, бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығында еңбек етіп келе жатқан шаруашылықтың тәжірибесі мен материалдық-техникалық мүмкіндіктері күзгі науқанды ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады.

Қордай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биыл «Азиз» шаруа қожалығы қант қызылшасын 50 гектар алқапқа еккен. Алдын ала болжам бойынша, әр гектардан 800 центнерге дейін өнім алу көзделіп отыр. Бұл – шаруашылық үшін айтарлықтай көрсеткіш. Әрине, нақты өнім көлемі қызылшаны толық жинап, таразыға тартқаннан кейін белгілі болады. Дегенмен алқаптағы егіннің жай-күйі мен күтіліп отырған өнімділік шаруалардың үмітін үкілеп, күзгі жұмысты ұйымшылдықпен атқаруға ынталандырып отыр. Қант қызылшасы – күтімді көп қажет ететін дақылдардың бірі. Сондықтан көктемгі егіс науқанынан бастап күзгі жиын-терімге дейін шаруалардан тынымсыз еңбек пен мұқият жоспарлау талап етіледі. Қант қызылшасын өсірудің әр кезеңінде жіберілген олқылық соңғы өнім көлеміне әсер етуі мүмкін. Ал өнімді жинау басталған шақта уақытты тиімді пайдаланып, техниканың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бұрынғыдан да маңызды бола түседі.

Бүгінде «Азиз» шаруа қожалығының алқабында осы жауапты міндеттерді орындау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Диқандар қант қызылшасын жинауға кірісіп, алқаптағы өнімді кезең-кезеңімен жинап алуға күш салуда. Шаруашылық жұмысшыларының айтуынша, қазіргі басты мақсат – өсірілген өнімді ысырапсыз жинап, оны қант зауытына уақтылы жеткізу. Өйткені жиналған өнімді дер кезінде өңдеуге жөнелту де науқанның маңызды бөлігі саналады.

«Бүгін қызылша жинауға кірістік. Енді бастысы – өсірілген өнімді ысырапсыз жинап, Меркі ауданындағы қант зауытына өңдеуге тапсырамыз»,-дейді алқап басындағы жұмысшылар.

Техникалардың болуы егістік алқабындағы жұмысты кешенді түрде ұйымдастыруға жол ашады. Арнайы комбайн қызылшаны жинауға жұмылдырылса, жүк көліктері өнімді тасымалдауға пайдаланылады. Ал тракторлар мен басқа да агрегаттар науқан барысында қажетті жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді. Диқан үшін күздің берекесі – алқаптағы өнімнің молдығымен ғана емес, сол өнімнің ысырапсыз жиналып, өз игілігін беруімен де өлшенеді.

Еңбек бар жерде береке бар. Жерге деген құрмет пен кәсіпке деген жауапкершілік ұштасқанда ғана молшылыққа жол ашылады. Алқап басындағы диқандардың бүгінгі еңбегі де осы ұстанымға негізделген. Ал күзгі науқанның сәтті аяқталуы шаруалардың бірнеше айлық еңбегінің лайықты бағасын алып, ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына өзіндік үлес қосуына мүмкіндік береді. Ендеше, алқаптағы әр күнді тиімді пайдаланған диқан үшін күз – үміттің ақталып, еңбектің жемісі көрінетін, берекесі мен мерекесі қатар келген ерекше мезгіл.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.