ОҚУҒА НЕСИЕ БЕРМЕК

0

Елімізде студенттерге оқу ақысын төлеуге несие берілуі мүмкін. Қарыз алғандар берешекті ақша алынған айдан кейін өтейді. Өткен жылы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқу ақысын төлеуге бағытталған 2-3 пайыздық ұзақмерзімді әрі жеңілдетілген несие беру туралы айтқан еді. Жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту аясында заңнамалық деңгейде «Білім беру несиесі» ұғымы енгізілгенін де түсіндірді. Яғни студенттер оқу ақысын университетті аяқтағаннан кейін де төлей алады.

Несиені іске қосу қолданыстағы заңнамада қажетті нормалар қабылданғаннан кейін осы жылы басталады. Оған білім беру гранты бұйырмаған талапкерлер үміткер бола алады. Осылайша, олар мемлекет кепілдігімен несие алып, оқу ақысын төлейді. Бұл бастама қаржы агентін тарта отырып, екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша білім алушыларға ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерін, әлеуметтік жағдайды, ғылыми (шығармашылық) жетістіктерді ескере отырып, жоғары білімге ақы төлеу үшін нысаналы ақша сомасының белгілі бір үлесін алуды қамтамасыз ету мақсатында сараланған грант енгізу мәселесі пысықталып жатыр», деп хабарлаған еді Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Мемлекеттік білім беру несиесі туралы Нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланған құжатта жазылған. Қағидада несиені игеру кезеңі қарыз алушының университетте оқу мерзімі деп көрсетілген. Несиені алу үшін үміткер ел аумағындағы университеттерде не одан кейінгі жоғары білімнің білім беру бағдарламасы бойынша оқуы керек.

«Тұрақты табыс көзі бар, кемінде бір еңбекке қабілетті ел азаматы кепілдік беруі керек. Бұл өлшемшарт жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жататын қарыз алушыларға қолданылмайды. Білім беру жинақтау салымы туралы тіркелген шарты немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында оқудың бүкіл кезеңі үшін білім беру қызметтерінің жалпы құнының кемінде 10 пайызы мөлшерінде жиынтық жинақтары бар білім беру жинақтау сақтандыру шарты болуға тиіс», деп жазылған талқыға ұсынылған құжатта.

Бір ескерерлігі, студенттерге нысаналы несие есебінен қолма-қол ақша берілмейді. Егер студент ауырып қалса немесе мемлекеттік білім грантына ауысса, не оқуын мерзімінен бұрын тоқтататын болса, бұл туралы уәкілетті органдарға хабарлауы керек. Ол кезде несие шарттарына байла­нысты нысаналы несиені өтеу кестесі қайта құрылады. Ал қарыз алушы өзге себептерге байланысты оқуын үзсе, оқуды тоқтатқан күннен бастап, бір жыл ішінде оқу ақысына кеткен қаражатты қайтарады. «Егер студент қайтыс болса, онда мемлекеттік білім беру несиесі бойынша талаптар тоқтатылады. Бұдан бөлек, несие алушылар мерзімді әскери қызметке шақырылған жағдайда мемлекеттік білім беру кредитін өтеу қызмет өткеру кезеңіне, бірақ 2 жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады», деп жазылған қағидада.

Білім беру несиесі дамыған елдерде жолға қойылған. АҚШ, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия, сондай-ақ Еуропа елдерінде университеттер мен колледж студенттерінің 60 пайызы оқу несиесін пайдаланады. Бір қызығы, ол жақта банктік несиені тек жоғары мектепте оқуға ғана емес, сонымен қатар қысқа және ұзақмерзімді курстарға, тағылымдамаларға да алуға болады. Тіпті тұру ақысын төлеуге немесе оқу кезеңіндегі басқа шығындарды несиелік қаражатпен жабуға болатын ілеспе білім беру несиесі де бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.