«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы №1 Балалар үйінің жанынан әскери патриоттық клуб ашылатын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.
«Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы №1 Балалар үйінде әскери патриоттық клуб ашылатын болады. Бұл ең алдымен балалар үйіндегі бүлдіршіндерді отансүйгіштікке, елін, жерін қорғауға, әскерге дайындауға септігін тигізетін болады. Бізде балалар үйінен шыққан жасөспірімдер әскерге баруға міндеттелмейді. Осыдан барып қызығушылық төмендей береді. Сол сияқты 18 жасқа толған соң әскери саланың қай түрінде білім алуға болатынын дұрыс білмейді. Бізде әскердің бірнеше түрі бар: десанттық шабуылдаушы, әуе қорғаныс күштері, әуеге қарсы күш, құрлық әскері, әскери теңіз күштері», – дейді Мейірбек Меңдіғалиев.
Сөзін жалғай отырып, қазіргі жастардың арасында әскер туралы дұрыс түсінік қалыптаспағанын, осының әсерінен әскерге баруға деген қызығушылық баяулап жатқанын айрықша атап өтті.
«Өзім бірнеше рет студенттерден әскер туралы ойын сұрадым. Көбінде жалпылама, жаңсақ пікір қалыптасқан. Әскер десе көз алдарына «дедовщина» елестейді. Бірақ ол түсінік қазір жоқ. Қазіргі уақытта әскерге барамын деушілерге жақсы жағдай жасалған. Ішетін асы да, киетін киімі де, оқуы да, жауынгерлік дайындығы да көңіл толарлықтай. Парашюттен секіру, өз-өзінің қорқынышын жеңу – әскерде үлкен басымдық беріледі. Қазіргі әскери дайындықтан келген жастар өмірлік қиын жағдайларға төзімді болып келеді. Жауапкершілігі артып, болашаққа деген көзқарасы айқындала түседі», – дейді ведомство басшысы.
Мейірбек Меңдіғалиев өз сөзінде әскер кез келген адамды жақсы жаққа қарай тәрбиелейтінін, бұрынғыдай «дедовщина» деген ұғым жойылғанын тілге тиек етіп өтті.
«Әрине әскердің де өз қиыншылығы бар. Бірақ ол уақытша ғана, жаңадан келген адамды шыдамдылыққа қарай шынықтыра түседі. Қазір әскерден келген кез келген адамнан сұрасаңыз, өмірлік мектептен өткенін айтады. Оларда әскерге барып, уақытымды босқа жоғалттым деген өкінішті естімейсіз. Әскердің аздаған қиындықтарына бірігіп шыдаған солдаттар болашақта бір-бірін бауыры секілді іздеп тұрады. Ал әскерден оқып шыққан соң қаласа әскери салада келісімшарт негізінде жұмыс істеп кете алады. Міне әскердің осындай артықшылықтарын балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге қазірден бастап үйретуді жоспарлап отырмыз. №1 Балалар үйінің басшылығы әскери патриоттық клуб ашуға келісімін берді. Енді жақын уақытта іске кірісеміз», – деді ол.
Бұған қоса, ол балалардың әрқайсысы елдің ертеңіне қызмет етуі үшін қазірден бастап Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру керектігін баса айтты.
«Бүгін «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған жаңажылдық мерекеде бүлдіршіндердің көзінен жылулықты байқадым. Карантиндік шектеулерге байланысты терезе алдында өткізуге мәжбүр болдық. Өзіммен бірге бір күн бұрын тапсырған ПТР тестімнің анықтамасы болғандықтан бөлмелеріне кіріп, балалармен бірге тамашалауға мүмкіндік алдым. Сонда олардың әрқайсысы терезенің арғы бетінде жаңажылдық мерекеге атсалысып жатқандарды нұсқап «мынау менің әкем, анау тұрған менің анам» деп өзара бөліп алып жатты. Бұл кімнің болмасын жүрегін елжіретіп жіберері сөзсіз. Мұндай мейірімді балалардан ертең елге деген жанашыр жандар өсіп шығады. Олардың әрқайсысы қоғамға пайдалы болуы үшін қазірден бастап әрекет етуіміз керек», – деп Мейірбек Меңдіғалиев сөзін аяқтады.
Айта кетейік, бүгін «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі мен ҚР Қарулы Күштерінің ұлттық әскери патриоттық орталығы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанынан құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйытқы болуымен Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы №1 Балалар үйінде жаңажылдық іс-шара өткізді.