БЕРІКТАСТА БЕРІК ЖОЛДАР ЖАСАЛМАҚ

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың аудан тұрғындарымен есеп беру кездесулері 29 ақпанда Қақпатас және Сарыбұлақ ауылдық округтерінде жалғасты. Қақпатаста болған жүздесу №30 М.Шоқай атындағы орта мектепте болып, оған аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім мен мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Мектептің акт залына жиналған тұрғындар алдында алдымен былтырғы жылы атқарған жұмыстары туралы округ әкімі Әсет Сапарбай есеп берді. Жүйелі жұмыстарын жіпке тізген ол құрамына кіретін екі ауыл Қақпатас пен Беріктаста қолға алынған келелі істерге кеңінен тоқталып өтті. Округ әкімі есебінен соң кезек сұрақ-жауап кезеңіне беріліп, алдымен аудан басшысы биылғы жылы қос ауылда қолға алынатын жұмыстардың негізіне тоқталып өтті.

Аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы ағымдағы жылы Беріктас ауылындағы жолдар толығымен асфальтталатынын айтып, Қақпатаста мәдениет үйі құрылысы аяқталып, балалар алаңшасы салынатынын жеткізді. Бұл жағымды жаңалық ауыл азаматтарының көңілін бір серпілтіп тастағаны рас. Сонымен қатар, аудан басшысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында құжатын өткізіп, несие алуға ниеттенген жандарға қаржы жақында түсе бастайтындығын айтты.

Жиын барысында ауыл тұрғындары тарапынан Қақпатас маңында қоқыс орнын ретке келтіру бойынша мәселе көтерілді. Бұл бойынша аудан әкімі ауыл әкімі мен ауыл тұрғындары бірігіп, ыңғайлы жерді дайындап, барлық стандартқа сай сметалық құжат дайындау қажеттігін айтты. Ал, қажетті қаржысын тауып беруге аудан әкімдігі ықпал ететін болды. Көтерілген сұрақтар қатарында әрине, суармалы су мәселесі де болды. Негізінен диханшылықпен айналысатын округ тұрғындары үшін бұл сұрақ үнемі өзекті екені анық.

-Биыл мамандардың болжамы бойынша су былтырғы деңгейде болады деп күтілуде. Сол себепті де суды аса қажет етпейтін дақылдарға көңіл бөлген жөн. Ол бойынша орынбасарым Жұлдызбек Бақаев сіздермен арнайы жиын да өткізген болатын. Ал, суармалы су бойынша биылғы талап міндетті түрде «Қазсушар» РМК аудандық бөлімшесімен келісімшарт әр шаруашылықта болуы қажет. Онсыз су болмайды. Ал, былтыр каналдарға қойылған насостар биыл болмайды,  қоюға тыйым салынатын болады, — деген Бегзат Сейсенқұлұлы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша бірқатар түсініктеме беріп, кооперативтерге біріккен шаруалар үшін тиімді тұстарын да айтып өтті.

Кездесуде Беріктас ауылы тұрғындары ауыл мектебінің бүгінгі жайын айтып, жаңа мектеп салу қажеттілігін, Қақпатас пен Беріктас ауылдарын жалғайтын жолдың тозығы жеткенін алға тартты. Аудан басшысы қазіргі таңда мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалық құжат дайындалғанын айтып,  ал, екі ауылды жалғайтын жолға биыл ағымды жөндеу жұмыстары жасалатынын жеткізді. Кездесу соңында сөз алған ауыл тұрғыны, белгілі кәсіпкер Құндыз Мейірманова жерлестерін ауызбіршілікке шақырып, жылдан жылға ажары ашылып келе атқан ауыл үшін ел азаматтарына ризашылығын білдіріп, жалпы қауымды алда келе жатқан Алғыс айту күнімен құттықтады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.