ОРТАЛЫҚ АУРУХАНА ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

0

Сәрсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков аудандық орталық аурухананың жұмысымен танысты. Аудан басшысына АОА бас дәрігері міндетін атқарушы Айдын Байбеков және бөлім меңгерушілері жалпы аурухананың жұмысы туралы мәлім етті.

Аудан басшысы алдымен қабылдау бөлімінде болды. Күнделікті тынымсыз жұмыс осы бөлімнен басталады. Өйткені, оқыс жағдайларға ұшыраған не болмаса денсаулығы күрт нашарлаған жандар алдымен жедел түрде осы бөлімге жүгінеді. Қазіргі таңда мұнда қолға алынған жұмыстар турасында меңгерушісі Сара Сұраншиева баяндап берді. Аудан әкімі науқастарды қабылдау кезенде қандай жедел шаралар қолға алынады, оларға алғашқы көмек қалай көрсетілетіндігі жайында сұрастырып, жедел әрекет пультінің жұмысын да тексеріп көрді. Әрине, осында көмек алуға келген жандармен де сұхбаттасып, қызмет көрсету жайын да сұрастырды.

Осыдан кейін Бегзат Болатбеков жансақтау бөлімі жұмысымен танысты. Өте ауыр жағдайдағы науқастар жататын орында білікті дәрігерлер мен медбикелер қызмет жасайды. Қазір ем алушылар мен олардың туыстары тарапынан ешқандай шағым түспеген.

Орталық аурухананың жұмысымен танысу барысында аудан басшысы бастапқы медициналық-санитарлық көмек жағдайындағы халыққа көмек көрсету қағидасымен де танысты. Мәселен, аудан басшысын азаматтардың өз-өзіне электронды қызмет көрсету орны жұмысы қызықтырды. Үлкен таблода әр келген азамат өзіне қажетті электронды қызметті алса болады. Ал, түсінбеген жандарға арнайы қызметкер көмек көрсетуге дайын. Осыдан соң Бегзат Сейсенқұлұлы науқастарды қолдау қызметі жұмысымен, тренинг орталығы, әмбебап прогресивті модель орталығы жұмысымен танысты. Әсіресе, жас аналарға көмек көрсететін бұл орынның маңыздылығына  тоқталған аудан басшысы дәрігерлер қызметіне сәттілік тіледі. Келесі кезекте «Халық кеңесі» орталығымен танысқан аудан әкімі аурухана ғимаратында дәрігерлермен кездесу өткізді.

Жалпы аудандық орталық ауруханамен танысу барысында Бегзат Сейсенқұлұлы проблемалық мәселелерді ашық айтуды ескертіп, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау үшін қолдан келгеннің барлығы жасалу қажеттігін баса айтты. Мәселен, ауруханаға жүгінген науқастар алыстан маска мен бахила іздемей, сол арада арнайы автоматтар қою жайында аса мән беру керектігін ескертті. Сонымен қатар, қазіргі таңда ескірген лифттерді ауыстыру үшін аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

— Республика бойынша әр ауданда ғимараты ескірген, қазіргі заман талабына сай келмейтін ауруханалар жаңартылуда. Ондай жаңалық бізде де болады. Аудан орталығында жаңа аурухана бой көтерді. Оған қажетті құжаттары өткізіліп, қаржыландыру мәселесі де шешімін тапты. Қордайда тәулігіне 270 адамды қабылдай алатын жаңа аурухана салынады. Әзірге, ол салынғанша осы ғимараттар әлеуетін барынша пайдаланып, халыққа сапалы қызмет көрсетуіміз керек, — деген аудан басшысы тұрғындар денсаулығының қорғаны болып жүрген барша қыз-келіншектерді келе жатқан мерекемен құттықтап, жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.