Наурыз мейрамында өтетін ат спорты ойындарының жөні бір бөлек. 21 наурызда орталық алаңда өткен салтанатты шарадан кейін Ноғайбай би атындағы атшабарда ұлттық ат спортынан жарыс өтті. Білекті де белді көкпаршылар және сәйгүлігін сайлап келген атбегілер осы күні жарыс көрігін қыздырды.
Ауданның ат спорты мерекесін тамашалауға аудан әкімі Бегзат Болатбеков, ардагерлер мен атсүйер қауым қатысты.
Өткен аптаның басында бірнеше команда көкпардан сынға түскен болатын, финалға шыққандар осы күні кім мықтыны анықтады. Аты күшті, тақымы мықты, білекті жігіттер барын салды. Нәтижесінде жүлделі І орынды «Бірлік» командасы ұтып алса, Қаракемерлік мықтылар ІІ орынға ие болды, ал ІІІ орын «Ноғайбай», «Ынтымақ» командаларының қанжығасында кетті. Ұйымдастырушылар Қордай ауданы әкімдігі, аудандық спорт бөлімі, ауданның ат спорты ардагерлері тарапынан барлығына қаржылай сыйлықтар мен дипломдар берілді. Көкпардан кейін жиылған көпшілік асыға күткен бәйгеге кезек берілді. Құнан бәйге 4 айналым, жалпысы 12 шақырымға шауып, 7 орынға дейін бәйге берілсе, 21 шақырымға шапқан аламанда да 7 орынға бәйге берілді. Барлық жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар ұсынылды.