Көктемнің алғашқы күндерінен ақ ризығын жер анадан іздеген диқандар егістікке қарай бойлап, ақырындап еңбекке кірісе бастады. Енді бірер күнде егістіктерге техника кіріп, дала жұмыстары басталады. Ал, аудандағы жылыжайларда мұндай жұмыс қаңтар айында басталып кеткен. Қазірде өнім жинаудың қызған шағы.
Бүгінде егістікте емес, өз үйінің іргесіндегі жерде-ақ пайда тауып жүргендер аз емес. Мәселен, сондай шаруаның бірі – Масаншы ауылының тұрғыны Ихия Губар. Жергілікті нарыққа сапалы, экологиялық таза өнімді ұсыну, әрі ауылда отырып табыс табу. Осы ой бүгінгі кейіпкерімізді көптен бері мазалады. Қолына кетпенін ұстап, өмір бойы жер өңдеумен айналысқан адам үшін егін, бақша егу таңсық дүние емес. Алайда, заман өзгеріп, өсімдік шаруашылығындағы жаңа технологиялар мен әдістер жылда өзгереді. Осының барлығын зерттей келе шаруа өз үйінің бақшасында жылыжай салуды қолға алды. Алдыменен дәнекерлеу жұмыстары атқарылып, темір трубалардан болашақ нысанның қаңқасы жасалынды. Оны тұрғызып болған соң полиэтилен пленкасымен мықтап қапталды. Жалпы, 30 сотық жерді алып жатқан жылыжайға үш мың шаршы метрден артық пленка кетіпті.
— Сырт көзбен қарағанда пленкамен қаптау оңай жұмыс көрінеді. Алайда, бұл іс асқан дәлділікті, ұқыптылықты, тиянақтылықты қажет етеді. Жылыжайдың ішіндегі желдетуді ойластыру, жылы ауаның сыртқа шығып кетпеуін болдырмау, жаздыгүні оны ашып қою механизмдерін жасау, — дейді Ихия Губар.
Шаруа жылыжайға көк-сөк егуді мақсат қойды. Оның айтуынша, оған деген сұраныс жоғары. Тағы бір тиімді тұсы – жинап алған өнімнің артынан 20 күнде жаңа партиясы дайын болады. Мұнда жусай, салат, руколо, кинза және қырыққабат өсіріледі. Жылыжайда тамшылатып суару әдісі қолданылады.
— Жылыжайда өсірілген көкөністердің сапасы жоғары болады. Біз химиялық қоспаларды пайдаланбаймыз, тек малдың тезегі және қара жер. Жаңа жабдықтарды, көшеттерге қосымша күтім жасауды, суды тазарту жүйесін, тамшылатып суаруды қолдану арқылы оң нәтижеге жетеміз деген сенім бар. Біздің басты мақсатымыз – жергілікті өнімдердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету, — дейді Ихия Губар. Шаруаға оның отбасы мүшелері көмектеседі, тіпті кішкентай қызы да өнім жинауға кірісіп кеткен. Шаруа болашақта жылыжай көлемін арттыруды жоспарлауда. Жақында ол тағы 5 сотық жерді жауып, оны жылытып та көрді. Алайда, оның айтуынша жылытудың шығыны көп, сонымен қатар микро климатты ұстап тұру оңай емес.
Еркін ҚАТБЕКОВ