МАТЕМАТИКА МАЙТАЛМАНЫ

0

Қордай жері жақсы атымен еленіп, ең алдымен абырой деген ұғымды бойына мықтап жинай білген, бар саналы ғұмыры еңбекпен өріліп, небір биік белестерді бағындырған, жанындағыларға сыйлы, соңғыларына үлгі бола бірген жандарға бай. Солардың бірі емес бірегейі Әнуар Қинаятұлы Масалимов. Бүгінде 90 жастың биігіне құрық салған азаматтың өмір жолы өнеге.

Балалық шағы бүкіл адамзат үшін естен кетпес Ұлы Отан соғысына тура келген Әнуар Қинаятұлы қабырғасы қатаймай тұрып ерте еңбекке араласқан. «9-10 жастағы балаларды жинап алып, жаз айларында шөп шабуға шығаратын. Ал, күз айларында бидай, арпа, жүгері жинау науқанында жүреміз. Ол кезде қазіргідей алып техникалар жоқтың қасы. Барлығы қолмен жасалады. Жалпы ел үшін ауыр кезең. Сол себепті де буынымыз қатпаса да үлкендермен қатар ауыр жұмысқа белсене араласып кетуші едік. Арасында демалыс бола қалған кезде ауылға кино келетін. Ол бір қуанышты сәт еді. Біз көрген фильмдер ол кезде дыбыссыз болатын. Алғашында «Чапаев», «Олар Отан үшін күресті» киноларын көргенде Отан үшін от кешкен әкелерімізді көргендей болып, төбеміз көкке екі елі жетпей        қалатын», — деп еске алады қария.

Ат-арбамен шөп тасып, мал фермаларында шопандарға көмекке келіп, қол қалт етсе сел жүріп өткен орындардан балық аулап, жеміс-жидек теріп өткен балалық шақтың ауылы алыста қалғанымен әлі күнге жадында жатталып, сондай бір себезгі сезімдермен ойға оралып, балауса шақтың көк аспаны көз алдында тұрғаны. Қандай қиын кезең болса да, ауыр жұмыстарға араласып, үлкендермен қатар еңбектенгенімен Әнуар Қинаятұлы оқуға зерек болған. Қордай ауданының Қызыл тас ауылында дүниеге келген. Қызылтас сол кезде Шоқпар ет совхозының бұрынғы 3-ші фермасы екен. 1941 жылы мектеп табалдырығын Рғайты ауылында аттайды. Кейін Георгиевка, қазіргі Қордай ауылындағы №1 Ленин атындағы орта мектебі, қазіргі Қонаев мектеп-гимназиясына барып, онда 7-ші сыныпқа дейін білім алады. Сол жылдары соғыс аяқталып, ата-анасы жұмыс бабымен Павлодар облысына көшіп кетеді.

«Біз Павлодар облысында ұзақ тұра алмадық, әкем қатты сырқаттанып, оңтүстікке қарай қоныс аударуға бел буды. Алдымен Оңтүстік Қазақстан облысында тұрақтадық, одан кейін қайта Қордайға оралып, мектепті осында аяқтадым. Әрине, осы жиі қоныс аударулар менің оқуыма әсерін тигізбей қоймады. Дей тұрғанымен де, мектепті сәтті аяқтай алдым. Бірақ, аттестатыма шет тілі бойынша баға қойылған жоқ. Өйткені, алғашында ағылшын тілін оқып бастасам, Павлодар жақта неміс тілі, ал Оңтүстіктегі Түлкібас ауданында француз тілі оқытылады екен. Қордайға келгенімде қайтадан ағылшын тілі алдымнан шықты. Осылайша белгілі себепке байланысты менің аттестатымда ол сабақтан баға қойылған жоқ. Бірақ, бұл менің жоғарғы оқу орнына түсуіме кедергі бола алмады», — дейді Әнуар Масалимов.

Сол кездегі КазГу қазіргі Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика-математика факультетінің студенті атанған кейіпкеріміз жоғарғы оқу орнын ойдағыдай аяқтап, өте күрделі ғылым жолына түседі. Механик-зерттеуші мамандығын алып шыққан Әнуар Масалимов   Қазақ ССР Ғылым академиясы Тау істері институтына барып, Шығыс Қазақстандағы Лениногорск қаласындағы базасында кіші ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастайды. 1959 жылы Алматыға қайта оралады.

«Жоспарым бойынша аспирантураға түсіп, оқуды Мәскеуде немесе Ленинградта жалғастыруым керек еді. Бірақ, маған түсініксіз жайларға байланысты ол мүмкіндікке ие бола алмадым. Содан Қазақ ауыл шаруашылығы институтында Теориялық механика кафедрасында ассистент болып тағайындалдым», — деп еске алады Әнуар Қинаятұлы.

Бірақ, аталмыш орында көп тұрақтай қоймайды. 1961 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Президиумының математика мен механика секторына кіші ғылыми қызметкер ретінде конкурстық негізде ауыстырылады. Осыған дейін өзін мықты маман ретінде көрсете білген оны 1963 жылы Украинаның Днепропетровск қаласына ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін бір жылға жұмыс сапарына жібереді.

Ғылым мен білімді ұштастыра, үлкен тәжірибе жинап келген азамат 1964 жылдан бастап 1997 жылға дейін сол кездегі Каз ПТИ қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университетте еңбек етеді. Әр жылдары аға ұстаз, доцент, машина жасау факультетінің ғылым жөніндегі декан орынбасары қызметтерін атқарып, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, еліміздің ғылымына зор үлес қоса білген. Осы орайда бір айта кетерлігі, Әнуар Қинаятұлы он жылдай уақыт республикалық телевидениеде ғылыми-студенттік үйірмені жүргізіп, ғылым, оның ішінде математика ғылымы негіздерін теледидардан түсінікті тілмен жеткізген жан. Соның арқасында Әнуар ағаның бастауымен теориялық математика бойынша оның студенттері Қарағанды, Ижевск қалаларында өткен олимпиадалардың жеңімпазы атанады.

Еліміздің ғылымына, оның ішінде ең күрделісі саналатын математика ғылымының дамуына зор үлес қоса білген Әнуар Масалимовтың еңбегі өлшеусіз. Мәселен, ол дайындаған әдістемелік оқулық екі рет басылып шыққан, сонымен қатар ол 40-қа жуық ғылыми, оқу-әдістемелік, ғылыми мақалалардың авторы. Оның ізденістері, ғылым негізде жазып шыққан мақалалары үнемі ғылыми журналдардан бастап бүкілодақтық және республикалық газеттерде жарияланып тұрған.

Әрине, еңбек елеусіз қалған жоқ. Түрлі марапаттар Әнуар ағаға лайықты түрде табыс етіліп отырған. Мәселен, 1973 және1978 жылы Социалистік жарыс жеңімпазы атанса, 1984 жылы Жоғарғы білім министрлігі тарапынан «Еңбектегі жоғарғы көрсеткіштері үшін» медалімен марапатталған. Ал, 1988 жылы «Еңбек ардагері» төсбелгісін кеудесіне тағады. Бұл тек бір парасы ғана, қырық жылға жуық еңбек жолында берілген көптеген грамоталар, Алғыс хаттар ерен еңбегіне айтылған алғыс, деп білеміз.

Үлкен білім ордасында ұстаздық еткен ол зейнет жасына шықса да жұмыссыз отыра алмады. 2010 жылға дейін Қордайдағы «Қордай» гуманитарлық-экономикалық колледжінде математикадан дәріс берді. Сол кезде білім алған студенттердің жолы болды деуге толық негіз бар. Жоғарғы оқу орындарында ұзақ жылғы тәжірибесі бар ұстаздан колледж қабырғасында білім алу тамаша мүмкіндік екені рас.

Жалпы балалық шағы, студенттік өмірі, қызмет атқарған жылдар, алғашқы отау құрған кезі, қызметтегі ауыртпалықтар, қала өмірі, барлығы-барлығы Әнуар Қинаятұлы жүріп өткен сара жол. Сол сара жолда өзіне жүздеген дос тауып, ұрпақ өсіріп, үлкен отбасының егесі атанып, бүгінде ақылы дария қарияға айналған жанның өмір жолы өнеге деп отырғанымыз да сол. Қазіргі таңда немерелердің тілеуін тілеп, балаларға ақылман болып жүрген Әнуар ағаға тек жақсылық, денсаулық тілейміз. Алда 100 жастың белесі тұр. Сол белесті үлкен отбасы ортасында бағындыруыңызға тілектеспіз

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.