АЛДАУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛІ

0

«Ұялы телефонға қоңырау келіп түсті. Нөмір біздің елдікі емес, — деп бастады кейіпкеріміз. – «Алло, сәлеметсіз бе, мазалап тұрған сіздің ұялы байланысыңыздың операторы. Бүгін түнде сіздің сим-картаңыздың жарамдылық мерзімі аяқталады. Сізге оны ұзарту керек, әйтпесе, байланыссыз қаласыз», — деді сүйкімді дауысты бойжеткен.

-Ол не деген жарамдылық мерзім?

-Сіз бұл нөмірді он жылдан астам уақыт бойы қолданып келесіз.

-Бұл үшін не істеу керек?

-Біз Сізге код жазылған СМС жібереміз, сол кодты бізге айтасыз, одан соң біз Сіздің сим-картаңыздың мерзімін автоматты түрде ұзартып береміз».

Егер біреу осылай болды деп айтса сенбес едім. Мүмкін емес, бұл үлкен қалалар мен өзге елдерде болатын жайт қой деп ойлаушы едім. Бірақ, мұндай алаяқтық түрі Қордайға да жетіпті!», — деп хабарласты ашуға булыққан оқырман.

Басқа да тұтынушылардың әңгімесіне қарағанда, алаяқтар болашақ құрбандарға қоңырау шалып, ұялы байланыс оператор-компаниясының қызметшісімін деп өзін таныстырады. Абонентке кез-келген ұялы байланыс операторы хабарласуы мүмкін, сосын SIM-картаңыздың жарамдылық мерзімі өтіп барады немесе өтіп кеткен дейді. Ары қарай оның мерзімін ұзарту үшін ұялы байланыс пайдаланушысына келіп түскен SMS-тегі кодты айту керек, өйтпеген жағдайда карта бұғатталып қалады, демек әлгі адам өз нөмірін мүлдем қолдана алмайды, сонымен қатар симкада сақталған барлық мағлұматтар жойылады деп қорқытады.

Абонент кодты атаған бойда аферист оның жеке кабинетіне кіруге мүмкіндікті иеленеді. Бұдан соң алаяқтар қоңыраулар мен SMS-терді басқа нөмірге немесе SIM-картаның виртуалды дубликатына бағыттай алады.

Ал одан арғы іс-әрекеттер әрқилы болуы мүмкін, яғни онлайн-банк арқылы банктік операциялар жасайды, несие рәсімдейді, шоттағы бар ақшаны шығарып алады, т.с.с.

Сарапшылардың айтуынша, алаяқтар қоңырау шалып, абонент жайлы нақты мәліметтер, мәселен, аты-жөнін, байланыс операторының атауын айтқанда, көптеген адамдар тез сеніп қалады.

Алаяқтық схемасының осындай түрі жайлы ресейлік ақпарат құралдары 2022 жылы жазған. Ол кезде де «сим-карта мерзімін ұзарту үшін» SMS-тегі кодты айту керек болған. Осылайша, көптеген адамдар алаяқтардың құрбаны болған.

Мұндай жағдайға түсіп қалмау үшін бір нәрсені есте сақтаған жөн – СИМ-КАРТАНЫҢ ЖАРАМДЫЛЫҚ МЕРЗІМІ БОЛМАЙДЫ! Ал басқа карталар, мәселен, банктік карта немесе дисконт карталарының мерзімі сол картаның өзінде жазылып тұрады.

Ешбір жағдайда күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, тіпті әңгімелесуші өзін банктің немесе оператор қызметкерімін деп таныстырса да, телефон арқылы SMS кодтарын, парольдерді, логиндерді немесе басқа деректерді беруге болмайды.

P.S. Алаяқтар қоңырау шалған ұялы телефон нөмірлері «+791», «+905» деген сандардан басталған.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.