МЕКТЕПТЕГІ ИГІ БАСТАМАЛАР

0

№1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында  2022-2023 оқу жылынан  бастап эксперименттік алаң ашылған болатын. «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында оқушыларға рухани-адамгершілік тәрбие беруді ұйымдастырудың-педагогикалық шарттары» атты эксперименттік алаңның негізгі мақсаты – оқушыларды рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу. 

Сәуір айының 3-і күні  «Жаңартылған білім беру мазмұны  аясында оқушыларды рухани-адамгершілік  тұрғыда тәрбиелеуді «Lesson study» арқылы ұйымдастырудың педагогикалық шарттары» тақырыбында тәрбиелік аудандық семинар  өтті. Семинарда эксперимент алаң аясында жұмыс жүргізіп жатқан білім ошағының  білімді әрі білікті мұғалімдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Жоба жетекшілері «Ұлы дала ізімен», «Мейірімді жүрек» , «Оқырман ұрпақ», «Патриот» , «Жас эколог» атты  жоба жұмыстарымен бөлісті. Семинар жоғары дәрежеде өтті.

Эксперименттік алаң аясында жүзеге асырылған «Мейірімді жүрек» жобасы бойынша 5-6 сынып оқушыларымен қайырымдылық акциялары жиі ұйымдастырылады. Аудандағы «Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығына да» оқушылармен жиі бару дәстүрге айналған. Жуырда мектеп оқушыларымен барып, орталықтағы ерекше балалар шаттыққа бөленсін, деген ниетте көңілдерін көтеріп,  сыйлық сыйлап, ән айтып, би билеп өнерімізді көрсетіп қайттық. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің»,  деген қазақ. Иә, жетім-жесірге демеу болу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет.

Сонымен қатар, эксперименттік алаңдағы оқушылар мектепішілік қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жәрмеңкеден жиналған қаражат Алматы қалалық №2 балалар үйіне қайырымдылыққа бағытталды. «Мейірімді жүрек» жобасы аясында мектеп оқушыларымен, мектептің парламент мүшелерімен бірге Алматы қалалық №2 балалар үйіндегі ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, жетім балаларға әлеуметтік көмек көрсетілді. Осы қайырымдылық  арқылы  оқушылар кеңпейілділікке, айналадағы адамдарға қамқорлық жасауға үйренгені рас. Бүкіл адамзатқа ортақ тәрбие талабы – адамзатты адамгершілікке, қайырымдылыққа баулу. Ал, адам болудың жолдары әр халықтың ұлттық дәстүріне, салтына байланысты. Қазақтың өмір салтында адам болу жолдарына үңілсек: үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ар-намысты, ұятты бетке ұстаумен өнер-білімге ұмтылумен анықталады. Міне, ұлттық тәрбиенің қозғаушы күші – ұлттық санаға сіңіп қалыптасқан салт-дәстүрлер, ұлттық рух, ұлттық намыс, ұлттық абырой, ар, ұят, кісілік.

Әсем Ермекбай, №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының қосымша білім беру педагог

Leave A Reply

Your email address will not be published.