Әр отбасы мемлекеттің тірегі екені сөзсіз. Өйткені еліміздің еңсесі биік, керегесі кең болуы үшін қаланған уықтың мықты болуы маңызды. Осындай даналыққа толы сөздерімен отбасы құндылығын дәріптеп, жастарға үлгі болып жүрген отбасылардың бірі – Маженовтар отбасы.
Бір шаңырақ астында береке-бірлікте 60 жыл өмір сүріп келе жатқан Ержан Өнерқұлұлы мен Уфа Темтемішқызының өнегелі өміріне зер салсақ, кейінгі ұрпақ үшін ғибрат боларлық тұстары көп. Сарыбастау ауылының тұрғыны Ержан Маженов 1941 жылы 1 мамырда қарапайым еңбек адамдарының шаңырағында дүниеге келген. Ол сұм соғыспен тұспа-тұс келген балалық шағын еш ұмытпайды. Ойын баласының балғын шағын кермек таттырған сол кездегі естеліктерден бастады әңгімесін кейіпкеріміз:
«Анам сауыншы болған. Таңғы төртте мені емізіп, жұмысына кетеді екен. Сиыр сауып, оны май зауытына өткізеді. Ол кез таршылық заманы еді. Әке-шешем маңдай термен нан тауып әкеліп, бізді өсірді. Соғыстан кейінгі кездер де ептеп-ептеп есімде қалыпты. Жейтін тамақ жоқ, түлкі құрсақ болып жүретінбіз. Ол кезде әр үйге 10 литрден көк сүт беретін. Апам содан айран ұйытатын, көже жасап беретін, жүгерінің талқанын дайындап беретін. Сегіз жасымнан алқапта жұмыс істедім. Өгіздің басын жетектеп, алқапқа барамыз. Ондағы әйелдер шөп салып береді. Жегілген шөпті маяға алып келеміз. Сондағы бізге беретіні тамақ, бір үзім нан мен ет еді. Жаздай алқапта жұмыс істеп, күзінде мектепке баратынбыз. Сөйтіп жүріп өстік қой, қарағым. Алтыншы сыныпқа көшкенімізде біздің ауылдан қазақша жеті жылдық мектеп ашылды. Ол уақытқа дейін Қордайға барып оқитынбыз. Жеті жылдықты бітіргеннен кейін оқуды тастауға тура келді. Сол шақта «Тың және тыңайған жерлерді игеру» науқаны басталып, бәріміз трактор тіркемесін жалғап жұмыс істедік. Күзінде жиын-терімге қатыстық. Жасаған еңбегімізге ағамыз екеуміз 5 жарым тонна бидай алдық. Оны әкем Бішкекке алып барып сатты, соның өзі дүниенің ақшасы еді, киіндік те, 1 тоннасын диірменнен өткізіп, нан пісіріп жедік. 1958 жылы алғаш рет №7 УМСХ – ауыл шаруашылығын механизациялау училищесі ашылды. Біз оның бірінші түлегі болып, алты ай оқып, «кең профильді тракторист-машинист» мамандығын алып шықтық. Оқуды бітіріп трактор тізгініне отырдым, міне содан зейнетке шыққанша трактор айдап келдім»,-дейді Ержан Өнерқұлұлы.
46 жыл сенімді серігінен қол үзбеген еңбек адамының кеудесіндегі медальдар, сандықта сақтаулы тұрған грамоталар оның адал еңбегінің арқасында құрметке ие болған азамат екендігін көрсетеді. Ержан ата жұмыста ғана емес, үйде де жауапкершілігі мол, отбасының нағыз тірегі бола білген жан. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, жұбайы Уфа Темтемішқызымен қай күні отау құрғандарын жадында сақтап қалғаны жүрегімізді жібітіп жіберді. «1964 жылы қаңтардың 10-ы күні үйлендік. Жарым қырғыздың қызы, Құмшы деген ауылдан. Апаңмен кездесуге трактормен баратынмын. Бұйрық түсіп, екеуміз үйлендік. Екі қыз, бір ұлдың ата-анасы атандық. Тұңғышымыз дүниеге келген жылы мені әскерге алып кетті. Өскеменде уран шығаратын Үлбі металлургиялық зауыты деген бар, сонда 3 жыл әскери борышымды өтеп, ауылға келдім»,-дейді ата.
Әңгіме барысында апаны да сөзге тарттық. Уфа Темтемішқызы аз сөзді, бір тоға жан екен. Отағасының айтқан сөзіне бас изеп, жымиып қана отырды. Қырғыз ағайындар мен қазақ халқының салт-дәстүрінде ұқсас тұстары көп болғандықтан, келіндік өмірде қиналмадым, дейді отанасы. Дегенмен, қазақ тілін үйренуге біраз уақыт кеткенін жасырмады. Қарттықты бірге қарсы алған өнегелі жұптан отбасы бақытын сақтап қалудың құпиясы туралы сұрап көрген едік.
«Отбасы бақытының ешқандай құпиясы жоқ, қарағым. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Біз қазірдің өзінде ұрысып аламыз»,-деп күлді ата. «Бір-біріңе деген сыйластықты сақтап қалу маңызды. Сондай-ақ, еңбек етіп, бір іспен айналысқан жандардың ырыс-берекесі артады. Апаң жастайынан жұмыс істеді, мен де құры отырмадым. Біз балаларымызды да кішкентайларынан еңбекке баулып өсірдік»,-деген Ержан Өнерқұлұлы ұлды нағыз патриот азамат қылып тәрбиелеудегі әскердің маңызына да тоқталды: «Екі немерем де әскери борыштарын өтеп келді. Әскерге шақырту келгенде өзім қадағалап, әскерге баруларын талап еттім. Қазір көп жастар әскерден қашады, бұл дұрыс емес. Нағыз ер-азамат әскерде шыңдалады, Отан алдындағы борышын өтеп келіп, ел мүддесі жолында еңбек еткені керемет емес пе?!»,-деп ойымен бөлісті.
«Ең бақытты адам – отбасында өзін бақытты сезінетін адам» деген сөз бар. Шаңырақ шаттығын сақтап келе жатқан Ержан ата мен Уфа апаның әулетінде қазір немере-шөберелер өсіп-өніп жатыр. Ұрпағының тілеуін тілеген ұлағатты жандар: «Ең бастысы елімізде тыныштық болсын. Бейбітшілік таңы сөнбесін. Бала-шағамыз аман, бауырымыз бүтін болсын», деп ақ батамен түйіндеді әңгімелерін.
Сәуле Мұхадинқызы