«ҚАЗАҚ КҮРЕСІНІҢ ҚАРА НАРЛАРЫ»

0

2024 жылдың 27 сәуір күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мәжіліс залында белгілі спорт журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, Желтоқсан көтерілісінің ардагері, «Қазақ күресіне еңбегі сіңген» орденінің журналистер арасындағы тұңғыш иегері, жерлесіміз Ақын Ордабайұлының «Қазақ күресінің қара нарлары» атты кітабының тұсаукесер таныстырылымы өтті.

Іс-шараға қазақ күресінің майталмандары, елімізге белгілі бапкерлер, ұлттық спорттың жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жастар қауымы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда қалаларынан арнайы келген құрметті меймандар қатысты.

Тұсаукесер рәсімінің құттықтау сөзінде «Қазақ күресі» федерациясының тұңғыш президенті, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген балуан, профессор Ерғали Мұхитдинов бұл күнді – қазақ спорты, қазақ күресі үшін ақ түйенің қарны жарылған күн деп бағалады.

– Өздеріңізге белгілі, талай ірі-ірі жарыстарда, әлем чемпионатында өзімізбен бірге жүрген белгілі жазушы, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, қазақ спортының жанашыры Ақын Ордабайұлының «Қазақ күресінің қара нарлары» атты кітабының тұсаукесері болып отыр. Бұл кітаптың қазақ күресі туралы басқа кітаптарға қарағанда айырмашылығы – қазақ күресінің бүгіні мен ертеңі жайлы жазылып отыр, – деді.

Кезінде дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы болып қызмет атқарған, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, Ғалым Құлекешев өз сөзінде Ақын Ордабайұлын жарық көріп отырған кітабымен құттықтап, автордың қазақ күресін насихаттаудағы ерен еңбегіне тоқталды.

Кітаптың тұсаукесер лентасын Ерғали Мұхитдинов пен Ғалым Құлекешев қиды.

Республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев құттықтау сөзінде жинақтың ұлттық спортымызды насихаттаудағы мән-маңызына тоқталып, авторға осынау қажырлы еңбегі үшін зор алғысын жеткізе отырып, қоғамдық бірлестік атынан кеудесіне «Ұлт патриоты» деген орденді тақты.

Кітапқа 21 бапкердің есімдері енген. Алқалы жиынға солардың ішінен – Ғалым Құлекешев, Қапар Рауанов, Өтебай Бітіков, Белай Рахымбаев, Әбдісаттар Садықов, Есенқос Зұлханов, Қуанжан Құлпейісовтер қатысты. Барлығы да бірауыздан Ақын Ордабайұлының кітабына оң болсын айтып, бұл жинақ студент жастардың оқу құралына айналып, қазақ күресінің жас бапкерлері ұлттық спорттың даму көкжиегінен кең арналы мағлұмат беретін, есте қалатындай дүние боларына сенім білдірді.

Жиында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың өнер, мәдениет және спорт институты денешынықтыру және спорт кафедрасының доценті, Ақын Ордабайұлына мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ берген алғашқы ұстазы Асылхан Әбішев, Абай атындағы ҚазҰПУ өнер, мәдениет және спорт институтының директоры Кәрім Байқұтов, «Киокушинкай каратэ-до» жаттықтырушысы, Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Ақмырза Кенжебаев, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев «Алғыс хаттармен» марапатталды.

Тұсаукесердің қорытынды сөзінде Ақын Ордабайұлы жиналған қауымға, осы іс-шараның өткізілуіне қолдау көрсеткен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Болат Анапияұлы Тілеп мырзаға зор алғысын жеткізді. Жарыққа шығып отырған кітабында қазақ күресінің кешегісі мен бүгінін түгендеп жазғанын, аттары ұмыт қалған есімдерді жаңғыртуға мән бергенін, көптеген тың деректерді қамтығанын атап өтті. Мұндағы шежірелік дүниелер мен деректер спортсүйер қауым үшін пайдалы болады деген ой-пікірін ортаға салды.

– Жылдар бойы тер төгіп, қаншама мұзбалақ, апайтөс балуандарды тәрбиелеп шығарып қана қоймай, еліміздің әр өңірінде қалың елдің қазақ күресіне деген сүйіспеншілігін арттырып, осы бекзат өнеріміздің қыр-сырын қалың елге барынша кемел көрсетіп келген бапкерлердің еңбегіне зор алғыс айтамыз. Қазақ күресінің тарихы тереңде жатыр. Десек те, соңғы 20-30 жыл аралығында айлығы шайлығына жетпесе де, ата күресімізден береке тауып, балаларды жаттықтырып, үлкен аламанға қосып келген бапкерлердің еңбегі адал, көпке үлгі. Олар өз ісіне жан-тәнімен берілген білікті мамандар деп айтамыз. Сондықтан да бұл кітапта 1990-2015 жылдары аралығында қазақ күресінде есіл еңбектері еш кетпеген ардагер жаттықтырушылар мен төрешілер туралы кеңінен айтылады. «Елің еміренсе – сен тебірен» демекші, ел алғысына бөленген бапкерлерге деген құрмет-қошемет ұмытылмақ емес. Бапкерлерді ұлағатты ұстаз әрі бота балуанның екінші ата-анасы деп білген орынды. Ендеше, оқырманға ұсынылып отырған бұл кітапта қазақ күресінің тарихынан аз-кем сөз қозғалып, төл күресіміздің өрлеу жылдарында елге еңбегі сіңген бапкерлермен бірге ұлттық күресімізді әлем сахнасына алып шыққан ардақты жандар туралы айтылады. Қазақ күресі ол ұлттық құндылығымыздың бірегей түрі. Сондықтан да ұлттық күрес жайында білгісі келген оқырманға бұл кітаптың берері көп, танымдық жағы басым деп білеміз, – деді Ақын Ордабайұлы.

Алқалы жиыннан соң кітаптың тұсаукесер құрметіне орай университеттің Мұхтар Әуезов атындағы спорт залында журналистер арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды. Турнирге «Қазақстан ұлттық телеарнасы», «Алматы телеарнасы», Абай атындағы ҚазҰПУ, «Алатау-ақпарат», «Қазақ спорты» газеті, «Қаламгер» командалары қатысып, тартысты бәсекенің көрігін қыздырды. Футбол турнирінің бас төрешісі – Асылхан Әбішев болды.

Нәтижесінде «Алатау-ақпарат» командасы турнирдің бірінші орнын қанжығаларына байласа, екінші орынды – Абай атындағы ҚазҰПУ командасы, үшінші орынды – «Қаламгер» командасы еншіледі. Жүлдегер командаларға сайыстың кубоктары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Жекелей аталымдарда үздік өнер көрсеткен ойыншыларға да марапаттар берілді.

Айта кетейік, аталған іс-шараға «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Қазспорт», «Қазақ радиосы», «Алматы» телеарнасы, «Алматы ақшамы», «Ақиқат», «Қазақстан дәуірі», «Қазақ әдебиеті», «Спорт жұлдыздары», «Қала мен дала», «Қазақ спорты» басылымдары, «Sportpress» сайты ақпараттық қолдау көрсетті.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.