2020 жыл ауданымыз үшін ерекше болды десек қателеспеспіз. Биыл ауданда талай жылдан бері шешімін күткен өзекті мәселелердің түйіні тарқатылып, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған игіліктер іске асты. Осы орайда тағы бір маңызды мәселе – жас мамандарды жұмыспен қамтудың жайы да жүзеге асырылып келеді.
Ауылдық жерлерде жас мамандардың тұрмыстық жағдайын жақсартып, қолайлы орта қалыптастыру мақсатында мемлекет тарапынан қолға алынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қалың көпшілікке бұрыннан белгілі. Міне, бүгінде бұл бағдарлама ауданымызда да сәтті жүзеге асырылып, өз жемісін беруде. Айта кетсек, үстіміздегі жылы жалпы аудан бойынша «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну» бағдарламасы аясында республикалық трансферттен тұрғын үй сатып алуға 30 маманға 124 млн 141 мың теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ, бағдарлама аясында 2020 жылдың 1 желтоқсанына дейін 76 жас маманның 21 млн 112 мың теңге көтерме жәрдемақы алғаны белгілі болды. Бұл қатарда білім беру саласынан 58 маман, денсаулық сақтау саласынан 14 маман, мәдениет саласынан 2 маман, спорт саласынан 2 маман бар.
Мұнымен қатар, 25 азамат тұрғын үй сатып алуға 103 млн 306 мың теңгеге несие алды. Оның ішінде: білім беру саласынан 13 маман, денсаулық сақтау саласынан 10 маман, АӨК саласынан 1 маман және спорт саласынан 1 маман.
Бағдарлама аясында көрсетілген көмекпен қатар, осы көмекті алудың жолдарын да назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №72 бұйрығына сәйкес «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну» қағидасының Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығына өзгерістер енгізілуіне байланысты «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша құжаттар Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қабылданады. Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін көрсетілетін қызметті алушы мынадай құжаттарды ұсынады:
1) көтерме жәрдемақы алған кезде:
— тиісті нысан бойынша өтiнiш;
— жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
— бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;
— жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi.
2) тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит алған кезде:
— сәйкес нысан бойынша өтiнiш;
— жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
— бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;
— жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi;
— сәйкестендіру үшін неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (некеде тұрғаны көрсетілетін қызметті алушылар үшін);
— кредиттік бюродан есеп.
Аталған бұйрықтың 6-тармағына сәйкес, ауданның жергілікті атқарушы органы алдағы кезеңге денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілер бойынша сұранысқа ие мамандықтардың тізбесін қалыптастырады, оны аудан әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырады. Тізбеде алдағы кезеңде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілетін қызметті алушылардың және олардың мамандықтарының атауы мен саны көрсетіледі.
Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары жақын туыстарынан (жұбайынан (зайыбынан), атасынан (әжесінен), ата-аналарынан (оның ішінде асырап алушылардан), балаларынан (оның ішінде асырап алынғандарынан), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-қарындастарынан) тұрғын үй-жай сатып алуға, сондай-ақ азамат тұрақты тұратын тұрғын үй-жайды сатып алуға пайдаланылмайды. Әлеуметтік қолдау шаралары бұрын берілген кредиттер бойынша өтелмеген мерзімі өткен берешегі жоқ (осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген құжаттарды қарау сәтінде), сондай-ақ соңғы 2 (екі) жыл ішінде 90 (тоқсан) күнтізбелік күннен астам мерзімі өткен берешегі жоқ көрсетілетін қызмет алушыларға ұсынылады.