Қордайда «Ауыл» халықтық демократиялық партиясының офисі ашылды. Партияластар мен ауыл үлкендерінің басын құраған жиын алдымен №1 Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы алдында қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.
Осыдан соң мектеп жанына «ауылдықтар» шырша ағаштарын отырғызды. Салтанатты шараға ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Ерболат Сауырықов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ақсақалдар кеңесі мүшелері мен жастар қатысты. Осыдан соң аудан орталығындағы ғимараттардың бірінде офистің лентасы қиылды. Дәстүрге сай шашу шашылып, жиналған қауым құтты болсын айтты.
Қордай ауданы бойынша 300-ден астам мүшесі бар партияның алдағы уақытта жұмысын жандандыруға жаңа леп беретініне сенім білдірді партияластар. Ерболат Сауырықов баршаны жаңа офистің ашылуымен құттықтап, жұмысқа сәттілік тілеп, ең бастысы ауыл еңсесін көтеруге бағытталған партияның басты мақсаты туралы сөз етті. Ашылу салтанатына қатысқан көпшілік те құттықтауларын айтып, ақсақалдар қауымы депутаттарға ауыл еңсесін тіктету бойынша ұсыныстары мен өтініштерін айтып, ол партия назарына алынатын болды.