Ақындар жырлап, термешілер тебіренген күн

0

Жұма күні  аудандық Мәдениет үйінде Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай Жамбыл облысының айтыскер ақындары мен жыршы-термешілері және Қырғызстанның ақын, манасшыларының қатысуымен «АЛАТАУДЫҢ БҰЛБҰЛЫ» атты Халықаралық  фестиваль өтті.

Қырғыз елінен келген бір топ өнерпаздарды қордайлықтар дәстүрге сай ән-жырмен қарсы алып, Өтеген батыр тегенесіне салынған бауырсақ ұсынылды. Осыдан соң қонақтарға Мәдениет үйі фойесінде жайылған Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі және аудандық орталықтандырылған кітапхана дайындаған көрме көрсетілді. Көп ұзамай фестиваль бастау алып, өнер мерекесі түндігін ҚР Мәдениет саласының үздігі  Қарлығаш Қожағазина «Қырғыз бен қазақ арасы» әнімен ашты.

Аталмыш шараның басты ұйытқысы болған аудан әкімі Бегзат Болатбеков сахнадан келген қонақтар мен өнерпаздарға алғысын айтып, көршілес, бауырлас Қазақ пен Қырғыз елінің достығы одан әрі дами түсетініне сенім білдіре отырып, ел дүлдүлдерін бастап келген Қырғыз ұлттық «Манас» театрының директоры,  белгілі манасшы  Азиз Бимырза уулу мен мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шайырбек Абдырахман уулуна сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

 

Келесі кезекте республикалық, облыстық ақындар айтысының бірнеше мәрте жүлдегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Күміскүл Сәрсенбаева жыр-арнау айтып, мәңгілік достықтың символына айналған қазақ-қырғыз елінің айшықты орны, өнердегі жолдастығы мен өмірдегі бауырмалдығы турасында жыр сөзбен жалпы көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Халықаралық фестивальге қонақ болып келіп, бауырлас қырғыз айтыскерлері мен манасшыларының киелі Қордай жеріне аяқ басуы, жалпы достыққа өрілген өнер турасында  «Манас» театрының директоры Азиз Бимырза уулу және Жамбыл облыстық айтыскер ақын, жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков сөз алып, айтыс пен жырға шөліркеген қауымға жырдан шашу шашып, жүрек жарды құттықтауларын арнады. Қырғызстандық қонақтар осынау игілікті іске дәнекер болған аудан әкімі Бегзат Болатбековке қырғыздың айыр қалпағы мен боз шапанын жауып, құрмет көрсетті.  Осыдан соң  Азиз Бимырза уулу мен  Ахметжан Өзбеков екі елдің өнері өрісін кеңейтуге бағытталған екі жақты меморандумға қол қойды.

Аталмыш шараның басты ерекшелігі – екі елдің ынтымақтастығын нығайту, салт-дәстүр сабақтастығы, ел бірлігі, туған жердің қадір-қасиетін ақындар өлеңімен айшықтап, жырлап, өрнектеп ортаға салу болғаны анық.  Сол үшін ортаға өнер көрсетуге Қазақ-қырғыз ел аралық айтыстың бас бәйгесінің иесі, Қырғыз Республикасының «Мәдениеттің мықты қызметкері» Мамбетокто Мамбеторозо, Қырғыз Республикасының «Мәдениеттің мықты қызметкері», манасшы Төлөбек Мұса уулу, Қырғыз Республикасының «Мәдениеттің мықты қызметкері», төкпе ақын Турат Жумаев, Қырғыз Республикасының «Мәдениеттің мықты қызметкері», термеші Бакыт Акматов болды. Қазақстан тарапынан өнер көрсеткен облыстық Кенен Әзірбаев атындағы филармонияның дәстүрлі әншісі, «Жеті қазына» телевизиялық мега жобасының жүлдегері Мерей Абуева,  қазақтың домбырасын шет елдерде танытып жүрген дәулескер күйші, ақын  Дидар Басықараев,  айтыскер ақын, Халықаралық, Республикалық ақындар айтысының бас жүлде иегері, термеші Әсет Дүйсебаев, Халықаралық, Республикалық ақындар айтысының бас жүлде иегері, «Әулиеата үміті» сыйлығының иегері  Нұрлыбек Құрманов болды. Осы және өзге де нағыз өнер майталмандарының осы күні өнерін тамашалап, бір марқайып қалған қордайлықтар шын жүректен қошеметін аямады.

Жалпы алғанда бұл фестиваль Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай өнерді ұлықтау болса, екінші жағынан екі елдің достығын дәріптеу болды. Өнер сайысынан соң екі елдің өкілдері Абай мектебі жанындағы шағын футбол алаңшасында жарыс өткізіп, тек өнерде ғана емес спортта да бір айтары бар екендіктерін дәлелдеп, достық турнирін өткізді.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.