«Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір»

0

Мал шаруашылығы елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ерекше сала. Соңғы жылдары ауданымызда осы бір ата кәсіпке бел буып, қазір шаруасын дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Қазіргі таңда мал бордақылаудан бастап, ет және сүт бағытындағы шаруашылықтардың саны арта түскен. Мал шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында қордайлық «Тұрғынбаев» шаруа қожалығы туралы аз-кем сөз қозғасақ.   

Әнуар Тұрғынбай басшылық ететін қожалықта қазір жұмыс қызған. Әнуар Жұмәділұлының сөзіне сүйенсек 1993-ші жылдан бері мал шаруашылығы кәсібімен тұрақты түрде айналысып келеді екен. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір», деп бабаларымыз айтқандай төрт түліктің ішінде қазақтың «Еділбай қойы» және жылқы жануарын өсіруде  бірқатар жетістікке жеткен.

«Мал төлдету науқанында 100 бас қойдан  90 төл алдым», — дейді ата кәсіптің қыр-сырын еркін меңгерген кәсіпкер. Сақманды ойдығайдай өткізген шаруа қожалық қазір қыстың қамына кірісіп кеткен.  «Мал өсіру үшін, қандай біліктілік қажет?», — деген сұрағымызға: «Жем-шөп қорын молайту, табиғат ерекшеліктеріне қарай, жазда жайлауға, күзде күздеуге шығарып, көшпелі бақташылыққа аса мән беру, ең басты талап – малшының жайлы болуы, — дейді Әнуар Тұрғынбай.

Одан бөлек «Қыстың қамын жазда ойла» деген халық тәмсілін берік ұстанған қожалық иесі шабындыққа шалғы түсіріп, шөп шабу науқанын жүргізуде. Бір жақсысы, шабындық алқаптары бір аумақта орналасқан. Алқаптағы  қызу жұмысты шаруалар техникаларының күшімен жүргізуде. Биылғы жылы бітік шыққан қалың шөпті  шашау шығармай жинап алу басты талап. Техникадағы ақау болған жағдайда, жөндеу жұмыстарын жүргізетін арнайы механиктер де бар екен. Жұмысшылар өз уақыттарын ұтымды пайдалану және күнделікті ас-ауқатын уақытылы тұтыну үшін арнайы вагон да орнықтырылған.

Бүгінде 10 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалық жұмысына сәттілік тілейміз. Отарлы қойын өргізіп, кәсібін шалқытқан шаруалардың жұмысы жемісті болсын.

Әділет Құттыбай

Leave A Reply

Your email address will not be published.