Өрт көп жағдайда адамдардың қарапайым қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарауының салдарынан туындайды. Мәселен, ересектердің газ плитасын қосулы күйде қалдыруы, темекі тұқылын толық сөндірмей тастай салуы, сіріңке, оттық сынды заттарды балалардың қолы жететін жерлерге қоя салуының арты үлкен қасірет әкелуі мүмкін.
Қазіргі ғылымның барлық жетістіктеріне қарамастан, тілсіз жау азаматтарды баспанасыз қалдыруда, ал кейбір жағдайларда, өкінішке қарай адамның өмірін де жалмайды. Бұл мәселенің маңыздылығы туралы біз өрт сөндіру саласындағы маман — Қордай ауданының №15 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Дидархан Смағұловпен сұхбаттастық.
— Дидархан Әділханұлы, аудандық өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы туралы айтып беріңізші.
— Қордай ауданы Қордай ауылының №15 өрт сөндіру бөлімінде штат бойынша 20 адам жұмыс атқаруда. Ал бір ауысымда 3 адам болады.
— Сіздің жұмыс күніңіз қалай өтеді?
— Біздің ауысым бекітілген күн тәртібіне сәйкес өтеді: сағат 9:00-де қарауыл ауысады, содан кейін кесте бойынша сабақ, дене шынықтыру дайындығы өтеді, оқу материалын нашар меңгергендермен нормативтер мен қосымша сабақтар өткіземіз, өрт техникасына, өрт-техникалық жабдықтарға күтім жасау, спорттық, мәдени іс-шаралар және т.б.
— Өрт-құтқару бөлімі өрт сөндіру және өзге де оқиғалар кезінде адамдарды құтқару үшін қажетті қандай құралдармен жасақталған?
— ӨСБ-15 балансында 4 бірлік техника бар. Оның ішінде 3 бірлік техника (КамАЗ базасында): өртті сөндіруге арналған негізгі автомобильдер және 1 «УАЗ» қосалқы техникасы бар.
— Сіздің өрт сөндіру бөлімінде тәжірибеңіз зор. Өрттің себебі неден болатынын айтып өтсеңіз?
— Иә, мен 2009 жылдан бері осы салада жұмыс атқарып келемін, тәжірибем шынымен де аз емес. Өрттің себебіне келетін болсақ, көбінесе – тұрмыста өрт қауіпсіздігін сақтамау, қоқысты өртеу, балалардың бұзақылығы.
— Азаматтардың өз өмірлерін сақтап қалу үшін өрт кезінде ұстануға тиісті негізгі ережелерді атаңызшы.
— Қауіпсіз жерге шығып, 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу керек. Ненің, қай жерде жанып жатқанын, телефон нөміріңізді, аты-жөніңізді хабарлаған жөн.
— Соңғы, ең маңызды сұрақ. Жуырда Қордай ауылында «Ақниет» кафесі мен оның маңындағы бірнеше сауда нүктелерін шарпыған өте үлкен өрт орын алды. Оқиғаның куәгері болған тұрғындардың көпшілігі өрт сөндірушілер қызыл жалынды уақытылы сөндіре алмады деп жазуда. Жалпы өрттің туындауына не себеп болды және бәрі қалай болғаны туралы халыққа түсініктеме бере аласыз ба?
— 2024 жылғы 22 мамырда сағат 5:00-де №15-ӨСБ диспетчерлік қызметіне «Ақниет» кафесіндегі өрт туралы хабарлама келіп түскенін ресми түрде мәлімдеймін. 2 минуттан соң №15-ӨСБ-1 бірлік техника мен 4 адам шақырту орнына жіберілді. 5-тен 6 минут өткенде олар шақыру орнына келді. «Құрылыс» дүкені мен ойыншықтар дүкені ғимаратының шатыры жанып тұрғаны анықталды. Өрт 200 шаршы метр аумаққа таралып, ғимараттың едәуір бөлігін жойып жіберетін қауіп төнді.
05 сағат 07 минутта өрт орнына №15-ӨСБ-дан қосымша күштер мен құралдар жіберілді: 1 бірлік техника және 4 адам. 05 сағат 20 минутта №17 Отар өрт сөндіру бекетінен ТЖ орнына 1 бірлік техника мен 2 адам жіберілді (өрт орнына дейінгі қашықтық 80 км). 05 сағат 35 минутта өрт орнына №15-ӨСБ-нен тағы бір техника мен 5 адам жіберілді. Содан кейін, 05 сағат 52 минутта шақыру орнына Шу қаласынан ПЧ-5 — 1 техника бірлігі және 3 адам жіберілді. Тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерімен өзара іс-қимыл шеңберінде өртті сөндіруге ЖПҚ — 2-4 адам және 2 техника жұмылдырылды. РЭҚ 1 техника мен 2 адамды жіберді. Газ қызметі-1 бірлік техника және 3 адам. Барлық көліктерге су, көбік түзетін зат құйылды. Біздің көліктеріміз тек шыққан кезде ғана сумен толтырылмай, кез келген уақытта суға толып, дайын болып тұрады. Су тез бітеді, өйткені өрт сөндіру көліктерінде PM-40 сорғылары бар, яғни ол секундына 40 литр ағын береді. Екінші келген көлік тұрақты, үздіксіз сумен қамтамасыз етілді. Суды тасымалдау Домалақ ана-Ноғайбай көшелерінің қиылысында орналасқан гидрант арқылы жүзеге асырылды, жану орнына жақын гидранттар Жібек жолы көшесінде ғана орналасқан. Өрт сөндіру кезінде үнемі су болып тұрды. Әрбір көлік орынмен ауысып тұрды, яғни егер біреуінде су таусылып қалса, оның орнына басқа көлік тұрып, өртті сөндірді. Көріп отырғаныңыздай, біз үйлесімді және нұсқаулыққа сәйкес жұмысымызды атқарып отырдық.
— Сұхбатыңызға рахмет.
Мадина УЗБЕКОВА