Гвардейск гарнизонында 30212 әскери бөлімінің үздік сарбаздары Қордай аудандық Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық мұражайға барды.
Мұражайға барған үздік сарбаздар ағымдағы жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша әскери тәртіпті нығайтуда және мемлекеттік-құқықтық дайындық пен жауынгерлік дайындықта жетістіктерге қол жеткізді.
Мұражайдың экскурсоводы Ляззат Барменқұлова сарбаздарға мұражайда орналасқан 1920-1940 жылдардан бергі құнды құжаттарды, 1936 жылдардан бергі фотосуреттерді, көрнекті халық ақыны Кенен Әзірбаевтың жыр алыбы Жамбыл Жабаевпен және композиторлармен түскен фотосуреттерді, мұражайдың экспонаттар жиынында 1910-1920 жылдары ақынның өзі тұтынған жеке бұйымдарын, қолдан шапқан домбырасын, астауын, түйе жүн шекпенін тағы басқа да заттарымен таныстырып, тарихын айтты.
Айта кетейік мұражай 1981 жылдың 14 сәуірінде ресми түрде Жамбыл облысы мұражайының филиалы ретінде ашылып, мұражай кілті ақынның ұлы мұражайдың алғашқы директоры Көркемжан Кененовқа салтанатты түрде тапсырылған болатын.
Жамбыл облысы Қордай ауданы тарихи тұлғалар шыққан ғылым, мәдениет, өнер саңлақтары дүниеге келген қасиетті өңір. Осы топырақта халқының сүйікті перзенттерінің бірі Кенен Әзірбаев сынды өнерде қайталана бермейтін тұлға дүниеге келіп, өзінің табиғи дарынын туған елінің тағдырымен сабақтастыра отырып, ұлтының ертеңі, ұрпағының болашағы үшін өнер жолында өмір сүрді. Туған халқына арнап 80 жылға жуық уақыт ел игілігі үшін қызмет еткен ол, соңына өшпес мұра қалдырды. Сол өнер мұрасы бүгінде халқына қызмет көрсетуде. Қазіргі Кенен ауылында «Қордай аудандық Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық мұражайы» жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетуде.
Гвардейск гарнизоны
баспасөз қызметінің бастығы
майор Жомарт Тажиханов