ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың Қордай ауданының жұршылығымен кездесуі туралы

0

Ағымдағы жылдың 13 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қордай ауданында болып, бірқатар ауылдарда жұршылықпен кездесті.

Кездесулер Кенен ауылындағы Кенен ақынға дұға оқылып, ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталды. Одан кейін К.Әзірбаев атындағы әдеби мемориалдық музейінің жұмысымен танысты. Ондағы ақынның тіршіліктегі қолданған бұйымдарын, сыйға берілген заттарын аралап көрді. Биыл Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай музей қызметкерлерін құттықтап, әрқашан осындай биік тұлғаларды жастарға насихаттау керек екенін айтып өтті.

Кенен ауылынан кейін Гвардейск қалашығындағы аудандағы заманауи мектептерінің бірі №43 Б.Момышұлы атындағы орта мектебін аралады. Ондағы білім беру сапасы мен оқушыларға беріліп жатқан тәрбие жұмыстарымен танысты.

Бұдан кейін, Президент Кеңесшісі Қордай ауылындағы орталық мешітінің жанындағы сауат ашу ғимаратында имамдарымен, Қарасу ауылдық мәдениет үйінде аудан жастарымен және Масаншы ауылдық мәдениет үйінде этнос өкілдерімен кездесті.

Кездесулер барысында М.Отарбаев Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын, Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзін түсіндірді. Ол Президенттің Ұлттық құрылтайдағы сөзінің негізгі 3 бағытына кеңінен тоқталып өтті.

Біріншіден халқымыздың ынтымағы мен бірлігі. Елдің ынтымағы мен берекесі кетсе, ол ел құрдымға кететінін, бірлігі күшті мемлекет әрдайым алға қарай дами беретінін, аға буыннің ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға назар аударып, жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беру керегін атап өтті. «Өздеріңіз көріп отырсыздар, жан-жақта қандай жағдайлар болып жатқанын. Қырғыз бен тәжіктер, орыс пен украиндар, армяндар мен әзірбайжандар арасында жылдар бойғы қақтығыстар болып келеді. Біздің елге мұндай жағдайлар қажет емес. Соғыс болған елдің дамуы кері кетеді емес пе. Керісінше бізге тұрақтылық, бейбіт өмір қажет». 

Екіншіден халықтың мәдениетін көтеру, яғни көркем мінезділікті қалыптастыру. Мәдениет әр адамның ішкі жан дүниесінің тазалығынан басталады. Бұл адамның сөз сөйлеу мәдениетімен, қоғаммен қарым-қатынасы, елмен араласуымен тікелей байланысты.

Президент әр адам таза, адал болуы керектігін үнемі айтып келеді. Биылғы Ұлттық құрылтайдың тақырыбының өзі «Адам адам, адал еңбек, адал табыс» деп аталғаны бекер емес. Адал табыс табу үшін адал еңбек ету керек. Адал еңбекті адал адам ғана жасай алады. Сол себепті азаматтарымыз маңдай терімен адал табыс табатын болса, берекенің қайнар көзі сол болмақ.

Үшіншіден озық ойлық жастарды тәрбиелеу, яғни жастарды білімді, ғылымды игеруге жол сілтеу. Қазіргі кезде жастар смартфонды білім деп ойлайды, сол арқылы қаражат тауып отырғандар да аз емес. Алайда, олай емес, телефон тек ақпарат көзі ғана. Әлеуметтік желіде әркім өз ойын білдіре алады, пікірін жаза алады. Қайсы ақпарат шындық, қайсы ақпарат жалған екенін ажырату қиын. Нағыз дәлелді, сенімді ақпарат көзі ол – газет және кітап. Жастар кітап оқуы керек. Кітап ғана білімді арттыра алады.

Сонымен бірге, М.Отарбаев биыл Жошы ұлысының 800 жылдығын тілге тиек етті. Қазақстан тек тәуелсіздік жылдары ғана пайда болған жоқ, сонау ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқанын айтып кетті. Қазақстан сақ дәуірінен бастап, түрік қағанаты, Алтын орда мемлекеті, қазақ хандығы, Алаш орда мемлекеті, КСРО дәуірлерінен өтіп, тәуелсіздік алды. Біздің ендігі міндетіміз осы тәуелсіздігімізді берік ұстап, болашаққа ұмтылу. Елдің экономикасын дамыту.

Leave A Reply

Your email address will not be published.