Мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайту, азаматтардың өтініш-тілектеріне құлақ асып, мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстар бүгінде маңызды басымдықтардың бірі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында көтерілген негізгі бағыттардың бірі.
Аталған бастама мемлекеттік органдардың халықпен тығыз байланыс орнатып, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдауына, өтініштеріне уақытылы жауап беріп, мәселелерін шешу жолында нақты әрекеттер жасауына негізделген. Осы тұжырымдама аясында Қордай ауданында тұрғындармен тұрақты байланыс орнату, олардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін назарға алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Кез келген азаматтың өз мәселесін жауапты тұлғаларға тікелей жеткізіп, тиісті түсініктеме мен көмек алуына мүмкіндік жасау – жергілікті атқарушы органдар қызметінің маңызды міндеттерінің бірі.
Кезекті жеке қабылдауды Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Құттықов өткізді. Қабылдауға алдын ала тіркелген 14 тұрғын және кезектен тыс келген 4 азамат қатысып, өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды. Жеке қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік сипаттағы мәселелер, қаржылай көмек алу, тұрғын үйге қатысты сұрақтар бойынша өтініштерін білдіріп, күнделікті өмірде кездесіп жүрген қиындықтарын жеткізді. Әрбір азаматтың өтініші тыңдалып, көтерілген мәселелердің мән-жайы талқыланды. Қабылдау барысында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Бауыржанұлы тұрғындардың көтерген мәселелеріне қатысты түсініктеме беріп, тұрғын үй алу мәселесі бойынша тиісті бағыт-бағдар ұсынды.
«Тұрғын үй мәселесі бойынша «Отбасы банк» АҚ жүгініп, қолданыстағы бағдарламалар мен тұрғын үй алу мүмкіндіктері жөнінде кеңес алуларыңызға болады. Банк тарапынан ұсынылатын талаптар мен шарттарды зерделеп, өздеріңізге қолайлы жолын қарастырған жөн. Ал көтерілген өзге де мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, заң аясында шешу жолдары қарастырылады», — деді аудан әкімінің орынбасары.
Әкімнің орынбасары тұрғындармен ашық әрі еркін форматта әңгімелесіп, олардың сұрақтарына қолданыстағы заңнама мен белгіленген тәртіп аясында түсініктемелер берді. Азаматтардың өтініштеріне бейжай қарамай, әр мәселенің мән-жайын анықтап, мүмкіндігінше шешу жолдарын қарастыруға баса назар аударылды. Өйткені тұрғындардың талап-тілектерін тыңдау ғана емес, оларды шешу бағытында нақты қадамдар жасау мемлекеттік қызметтің халыққа жақын әрі нәтижелі болуына ықпал етеді. Сонымен қатар, қабылдау барысында қосымша зерделеуді қажет ететін бірқатар мәселелер анықталды. Оларды жан-жақты қарастыру, тиісті шешім қабылдау және орындалуын қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімінің орынбасары сала бойынша жауапты басшыларға, сондай-ақ ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Әрбір өтініштің назардан тыс қалмауы, белгіленген тәртіппен қаралып, нәтижесі бойынша тұрғындарға тиісті жауап берілуі тапсырылды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының басты мәні – азаматтардың пікіріне құрметпен қарау, олардың мәселелерін назарда ұстау және мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ