Осыдан бірнеше жыл бұрын Сұлутөр ауылының тұрғыны Гүлнар Мұхамедқұлова үй іргесінде сүт өнімдерін өндіруді ойлап, алдына үлкен мақсаттар қояды. Алғашқыда екі сиырдан басталған іс бүгінде өсіп, айтарлықтай пайда әкелуде.
Гүлнар Тұрғынбайқызы жергілікті тұрғындар арасында өзінің белсенділігімен, еңбекқорлығымен танымал. Ол – шалғай жатқан ауылда тұрғанына қарамастан кәсіпкерлікті мықтап қолға алған көп балалы ана. Қазіргі таңда 11 бас сиыр сауып, сүтінен құрт, май, кілегей жасап, аудан орталығына, Алматы қаласына апарып сатады. Сүт өнімдерін Гүлнар Мұхамедқұлова өзі жасайды. Таң ертеңмен сауылған сүт алдымен сепараторға құйылып, кілегей тартылады. Кейіннен ол қолымен құрт жасап, оны кептіріп қояды. Сүт өнімдеріне деген сұраныс жоғары, себебі Гүлнар Тұрғынбайқызы тазалыққа, сапаға аса мән береді екен.
— Сүт өнімдерін бір сатып алған адам, ертеңіне тағы келу үшін оны сапалы жасау қажет. Өнімдерін де таза, ыдысқа ұқыпты құйылып, тартымды болуы керек. Сұраныс жоғары болғандықтан кәсібімді дамытқым келеді. Болашақта сүт өндіретін цех ашуды жоспарлап отырмын. Ол цехке қажетті техникаларды да сатып алу керек. Осы үшін кәсіпкерлікті қолдайтын мемлекеттік бағдарламаларға қатыссам деймін. Мұнымен қоса мал бордақылау алаңын да салу жоспарда. Әрине, барлығы қаражатқа тіреледі, — дейді кәсіпкер.
Шаруашылықта оған күйеуі Ғабит және ұлы Айдын көмектеседі. Ұлы Айдын Әуесхан мемлекеттен 550 мың теңгелік грант алып, үндік өсіру ісмен айналысқан. Алайда, кейіннен сүтті сиыр бағу ісі тиімді екенін түсініп, тағы тәуекелге барады. Үйін кепілдікке қойып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы 4,5 млн теңге несие алады. Оған анасы екеуі 11 бас сиыр сатып алды. Олардың айтуынша, несиенің шарттары тиімді, кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуге айтарлықтай септігін тигізді. Алдағы уақытта тағы осындай жеңілдетілген несие алуға ниетті.
Гүлнар Мұхамедқұлова бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жақында ол аудандық «Мансап» орталығына қайырылып, субсидияланытын жұмыс орнына өтінім тапсырды. Яғни, өтінім мақұлданса сиыр сауатын сауыншы айлығының басым бөлігін мемлекет төлеп отырады екен.
Биылғы аудан әкімі Бегзат Болатбековтың есепті кездесуінде Гүлнар Мұхамедқұлова кәсіпкерлігін қолдауды өтініп, дүкен салатын жер сұраған болатын. Бегзат Сейсенқұлұлы оның өтінішін жерде қалдырмай аудан орталығында арнайы жер бөлуді тапсырды. Ендігі кезекте Гүлнар Тұрғынбайқызы ол жерде ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын дүкен ашпақшы.
60 жастағы ананың еңбекқорлығы көпке үлгі болары анық. Таулы аймақта орналасқан шағын ғана ауылда тұрғанына қарамастан кәсіптің көзін тауып, тіпті өрісін кеңейтпекші. Оның алға қойған жоспарлары да көп. Ләйім, Алла күш-қуатын тауыспасын.