Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекттік тілі болып саналады. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталады. Тіл қай елде, қай ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдыретті. Тіл – халықтың рухани, мәдени байлығының дамуының құралы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті
Мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламаларына байланысты бүгінде сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясы — ұдайы назарда. Сондықтан, барлық мемлекеттік мекемелер, басқа да ұйымдар, азаматтар Ата Заң аясында қабылданған «Тіл туралы» заңның талаптарына сәйкес, қазақ тілін дамытуға атсалысуға міндетті. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оның қолдану аясын кеңейту еліміздің Тәуелсіздік алған күнінен бастап көтеріліп келеді. Қазіргі уақытта республикамызда мемлекеттік тіл қолданысының дамуын табысты іске асырудың құқықтық негіздері қалыптасып, оның дамуы мен нығаюына бағытталған біршама заңдар мен қаулылар қабылданғаны баршамызға аян.
Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге Қордай аудандық соты да өз үлесін қосып келеді. Тіл саясаты тиісті бағамдар бойынша қадағаланып, табанды түрде жүргізіліп отыр. Атап айтқанда, соттағы кіріс-шығыс, ішкі және жалпы құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің, соттардағы қазақ тілінде қаралып жатқан істердің үлес салмағы, судьялардың және сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейлері де қадағаланып отыр. Бүгінде қазақ тілі мемлекеттік биліктің сот тармағында да лайықты биігіне көтеріліп келеді. Сот қызметкерлері арасында қазақ тілінде іс қағаздарды жүргізуді сауатты да дұрыс қолдана білу қолға алынған. Сот ғимаратында сотқа келушілерге арналған хабарламалар, шағым үлгілері — мемлекеттік тілде, содан кейін орыс тілінде жазылған. Бүгінгі күні мемлекеттік органдар мен мекеме ішінде рәсімделетін кіріс – шығыс құжаттарының сауатты дайындалуы мемлекеттік тілге бағытталған сұраныстың деңгей-дәрежесін байқатады.
Аудандық сотта мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мақсатында ағымдағы жылға арнаған жұмыс жоспары құрылып, соның негізінде шаралар атқарылуда. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында сот өндірісінің негізгі тілі –мемлекеттік тіл екенін түсіндіру мақсатында мақалалар жиі жарияланып отырады. Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуын насихаттау, сотта іс қараудың жариялылығын, ашықтығын, іс жүргізудің тәртібін дәріптеу мақсатында қызмет бабындағы мәжіліс, жиналыс, іс-шаралар жоспары мемлекеттік тілде жасалып, семинар сабақтары өткізіліп тұрады.
Қордай аудандық сотының судьялары мен сот қызметкерлері сот жүйесіне деген бұқараның сенімін нығайтып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында болашақта да жүйелі түрде жұмыс атқаратын болады.
Қордай аудандық сотының баспасөз қызметі