Тәртіп сақшылары жұмысына сын 

0

Бейсенбі күні Қордай аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен мекемеаралық жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов және аудан прокуроры Бірлік Ізбасаров, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдары, шекара және төтенше жағдай қызметінің өкілдері қатысты.

Алқалы жиында «Қауіпсіз Қордай» жобасының орындалуы, аудандағы криминогендік жағдай, қылмыс профилактикасы, жол-көлік оқиғаларын алдын алу, пробация қызметінде есепте тұрғандармен жұмыс, шекарамен байланысты қылмыс сынды маңызды мәселелер талқыланды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залына жиналған көпшілік алдымен аудан прокурорының орынбасары Сайн Сағындықовтың ауқымды баяндамасын тыңдады. Өз сөзінде ол күн тәртібіне көтерілген мәселелерге қатысты ақпарат беріп, жалпы аудандағы ахуалды баяндап берді. Осындан кейін Бірлік Ізбасаров баяндамада айтылған кемшіліктер турасында жауапты тұлғалардан себептерін сұрады. Бас прокурордың жергілікті полиция қызметінің басшысы Елдос Бекқұловтан кемшіліктердің жалпы себебін сұрап, бірқатар сын тезіне алды. Себебі, баяндамада тәртіп сақшыларының жұмысы ақсап тұрғаны айтылды. Атап айтсақ, қоғамдық орындарда жасалған қылмыс өскен, жол-көлік ережелерін сақтамау жиілеп кетті, есірткі, алаяқтық, пробация есебіндегі тұрған азаматтардың қайта қылмыс жасауы сынды мәселелер орын алған. Аудан прокуроры учаскелік инспекторлар жұмысына да барқатар сын айттты. Оның сөзінше учаскелік инспекторлар өз қызметтерін тиісті деңгейде атқармайды, жергілікті атқарушы органдармен байланысы нашар. Осының барлығын атап өткен Бірлік Ізбасаров жергілікті полиция қызметінің басшысының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізіп, ескерту айтты. Осы сияқты ауылдық округ әкімдеріне де жүйелі жұмыс істеу үшін өз ұсыныстарын жеткізді.

Отырыста республикалық автожолдардағы жол-көлік оқиғаларын алдын алу, заңсыз көші-қон, кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстың алдын алу, халық көп шоғырланатын жерлерде бет-әлпетті тану камераларын орнату сынды мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты бейнеролик көрсетіліп, оны тұрғындар арасында тарату ұсынылды. Естеріңізге салып өтсек, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң күшейтіліп, қылмыстық жауапкершілік артқан болатын.

Жиын соңында аудандық бас прокурор жергілікті атқарушы органдар және құқық қорғау органдарының қызметкерлері әрдайым байланыста болып, бірлесе жүйелі жұмыс істеу қажеттігін тағы да ескертті. Барлық сұрақтар қаралып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.