Өткен аптада Қордай ауылындағы Ноғайбай би атшабарында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекара маңы аумақтарында табиғи өрттердің алдын алу және оларды сөндіру жөніндегі келісімді іске асыру аясында «Шекара — 2024» атты оқу-жаттығуы өтті. Шараға көршілес Қырғызстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері және Жамбыл облыстық ТЖ департаментінің, Тараз қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Оқу-жаттығудың мақсаты – өрт қауіпті маусымда төтенше жағдайлардың алдын алуға ден қою, азаматтық қорғау қызметтерінің деңгейін арттыру, екі елдің ТЖ мамандарының өзара тәжірибе алмасуы болып табылады.
Шара барысында дала өртінің алдын алу, өрт кезінде адам шығынын болдырмау, азаматтық қорғау жүйесі күштерінің өзара іс-қимылы, табиғи өрттерді жоюға қатысатын өзге де құрылымдардың дайындығы пысықталды.
Оқу-жаттығуға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай тілсіз жаудың алдын алуға, сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған шараның маңыздылығын атап өтті. Осыдан кейін Жамбыл облысы ТЖ департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбековпен бірге «Шекара — 2024» трансшекаралық командалық оқу-жаттығуды дайындауға және өткізуге белсене қатысқан бірқатар азаматтарды Қордай ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
Оқу-жаттығуға облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Байболат және облыс әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің бас инспекторы Жақсылық Жасөркен қатысты. Сондай-ақ, оқу жаттығу барысында аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің жұмысы қаралды.