Дүйсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев «Аmаnаt» партиясы аудандық филиалының ғимаратында тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Бұл жолы қабылдауға 10 азамат жазылып, толғандырып жүрген сұрақтарын көтерді. Аудан әкімі орынбасарының алдына келгендердің басым көпшілігі тұрғын үй, жер, инфрақұрылым мәселелеріне қатысты сауалдарын жолдады, сондай-ақ қаржылай көмек сұрап келген азаматтар да болды.
Жұлдызбек Бақаевтың қабылдауына келгендердің бірі – Қордай ауылының тұрғыны Л.Естемесова. Азаматша «Солтүстік» ықшам ауданындағы кезек тізіміне сәйкес 2 жылдық мерзімге жалға берілген жер учаскесін жеке меншікке аударып беруін сұрады. Жауапты сала басшылары жер Кодексінің талаптары бойынша уақытша пайдалануға берілген жер учаскесіне тұрғын-үй салғаннан кейін ғана жекеменшікке табысталып, азаматтық сауда-саттыққа салуға болатындығын түсіндірді.
Қабылдауға келген келесі азамат «Көмбеш» ЖК басшысы А.Абдрахманова Елім-ай көшесінде дәмханасын ашуына байланысты көшеге жарық қосуды сұраса, Қордай ауылы, Ш.Айманов көшесінің тұрғыны Ғ.Сәрсенбаева ауыз су мәселесіне қатысты шағымын жеткізді. Айтуынша, жаңадан салынып жатқан құрылыс нысанына су қосқалы бері су қысымы төмендеп, күндізгі уақытта мүлдем cу болмайды. Сол себепті Ш.Айманов көшесі құбырының желісіне «Ақсу» мекемесінен диаметрі үлкенірек құбыр тартуын сұрайды.
Аудан тұрғындарының өтініш-тілектерін егжей-тегжейлі тыңдаған Жұлдызбек Төленұлы көтерілген мәселелер заң аясында шешімін табатындығын жеткізді. Сондай-ақ бұл бойынша тиісті сала мамандарына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ