Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 31 тамыздағы бұйрығымен Жол қозғалысы ережелеріне электросамокаттар мен мопедтерді басқаруға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бірақ… Сол өзгерістер қаншалықты аймақтарда іске асуда. Соны білмек ниетте аудандық полиция бөліміне хабарласқан едік.
Қордай аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің жұмылдыруымен, мотокөлік құралдарының қатысуымен жол көлік оқиғаларын болдырмау үшін, күшейтілген тәртіппен, тұрақты негізде рейдтік шаралар ұйымдастырылуда екен. Мұнан әрі мопедтер тіркеуге алынып, иесі көлікке мемлекеттік нөмір тағуға міндеттеледі. Мотокөлік құралдары міндетті түрде ІІМ тіркеуден өтуі тиіс. Өзінің қауіпсіздігі үшін мотошлем киіп жүруді ұмытпағаны жөн. Олар автокөлік жүргізушілерімен теңестіріліп, А-1 санатындағы жүргізуші куәлігін алады. Осылайша, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрге дейінгі мопедтер көлік құралы санатына жатқызылады. Полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Б.Өмірзақовтың берген мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың 20-30 шілде аралығында, 96 мотокөлік құралына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 612-бабы 2-бөлімі, 590-бабы 2-бөлімі, 593-бабы 2-бөлімімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, мамандандырылған айып тұрағына қамалған. Мопед жүргізушілеріне велосипед жолымен, веложолақпен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 31 тамыздағы бұйрығымен биыл 30 маусымда бекітілген жол қозғалысы ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізіліп отыр. 24-тарауда мопедтер, электр самокаттар мен велосипедтерге қатысты қосымша талаптар белгіленді. Атап айтқанда, велосипед жүргізушілері веложолақпен, ол болмаса, жолдың оң жақ шетімен, соның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатарда не жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен адамдарға қауіп төндірмей жүре алады. Ал мопед жүргізушілеріне велосипед жолымен, веложолақпен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Электр самокат жүргізушілері велосипед жолымен немесе веложолақпен жүре алады. Ондай жолақтар болмаса, жолдың оң жақ шетімен, соның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатарда не жол жиегімен, жаяу жүргіншілердің жүрісіне қауіп төндірмей, сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тиіс.
18 жасқа толмаған және жүргізуші куәлігі жоқ электр самокат жүргізушілеріне жолдың жиегімен және маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен жүруге тыйым салынады. Азаматтар арасындағы келеңсіздіктер мен құқық бұзушылықтар көбінесе заңды білмегеннен орын алып жатады. Бірақ бұл заң алдындағы жауапкершіліктен босатады деген сөз емес.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ