Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының өкілі Ержан Даумбактың ұйымдастыруымен, «Көктем 2024» шақырылымының жас сарбаздары арасында кездесу өткізілді. Шараға аудандық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Дәулет Қырғызбаев, ауған соғысының ардагері Мұхтар Мінісқұлов қатысты.
Шекара бөлімшелеріндегі әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту және жеке құрам арасындағы құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша алдын алу, әскери қызметшілердің денсаулық жағдайларын бақылау және бөлімшелердің санитарлық, тазалық тәртібін тексеру кездесудің басты мақсаты болып табылады. Он жылға созылған соғыстан, от пен оқтың ортасынан аман-есен оралған батырлардың бүгінгі ұрпаққа айтары мол екені сөзсіз.
– Патриоттық тәрбие беру сарбаздардың саналы көзқарасын қалыптастыру деген сөз. Отанға деген патриоттық сезімді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – біз үшін басты мақсат, – дейді Дәулет Әденұлы. Сондай-ақ, кездесу барысында мерзімді әскери қызметшілер ардагерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Сонымен қатар, бөлімшелердің моральдық психологиялық ахуалын зерделеу мақсатында, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен сұхбат жүргізілді. Ардагерлер жас сарбаздарға әскери борыш – абыройлы міндет ұғымын терең түсіндіріп, Отан қорғау істеріне сәттілік тіледі.