«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

0

Қордай ауданына жұмыс сапарымен ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғали Кенжеахметов келіп, Қарасу және Қаракемер ауылдарында салынып жатқан «Жайлы мектеп» құрылысы барысымен танысты. Мемлекеттік инспектормен бірге құрылыс нысандарын аралаған аудан әкімі Бегзат Болатбеков аудандағы осы салада қолға алыныпа жатқан жұмыстар жайын баян етті.

Жамбыл облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде жалпы 9500 оқушыға арналған 12 мектеп салу жоспарланса, оның үшеуі Қордай ауданында бой көтеруі тиіс. Биыл Қаракемер және Қарасу ауылдарында 300 орындық білім ошағының құрылысы басталды. Қазіргі уақытта олардың қабырғасы көтерілген. Жоспар бойынша қос нысанның құрылысы биыл аяқталуы тиіс.

Аудан әкімі «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының аудандағы үш ауысымды және орын тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешудегі маңыздылығын атап өтті. Ал, жалпы құрылыс барысы жайлы «Самыұрық-Қазына» ӘҚ өкілі баяндады. Өз кезегінде Ғали Кенжеахметов құрылыстардың сапасын қатаң бақылауда ұстау және мерзімінде аяқтау үшін тиісті жұмыстарды күшейту қажеттігіне тоқталды.

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған болатын.

«…Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», делінген Жолдауда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.