«Теңге ілуден» ел намысын кімдер қорғайды?

0

Теңге ілуден ҚР ұлттық құрамасы, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын үш үздік спортшыны анықтады.

«Іріктеу сайыстарының нәтижесінде 3 стиль бойынша 3 үздік спортшыны анықтадық. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында сайыстың барлық түрінен алтын иеленеміз деген сенім бар. Ол үшін бар мүмкіндігімізді пайдаланамыз», — деді ҚР Ұлттық және ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев.

Еліміздің ең үздік 6 теңге ілушісі Көшпенділер ойындарына тікелей жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысқан.

Спортшыларымыз «Қос құлаш», «Бес белес», «Жеті құт» стилдері бойынша бақ сынады. Қорытындылай келе, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын келесі спортшылар қорғайды:

«Бес белес» стилінен Бекнұр Серіков;

«Жеті құт» стилі бойынша Бақыт Төлтай;

«Қос құлаш» стилінен Рахат Қамбаров.

«Мен бала кезімнен атқа жақын өстім. Теңге ілу спортына келуіме де себеп болған жылқыға деген махаббатым. Бүгінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Ел намысын абыроймен қорғау үшін барымызды саламыз», деді теңге ілуден ұлттық құрама мүшесі Бақыт Төлтай.

Айта кетейік, теңге ілуден V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Оқу-жаттығу жиындарын ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұйымдастырды. Ал Көшпенділер ойындарында теңге ілу бойынша жарыстар 11-13 қыркүйек аралығында Этноауыл аумағында өтеді.

Еске сала кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.