ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ – ҚАТЕРДЕН ҚОРҒАЙДЫ

0

Дүйсенбі күні аудан әкімдігінде аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен мекемеаралық жиын өтті. Оған аудан әкімі Р.Дәулет, аудан прокуроры Н.Ұласбекұлы, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері, бөлім басшылары, ауыл әкімдері, әр түрлі мекеме өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде аудандағы қылмыстық ахуал және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары, қылмыстарға жол бермеу мақсатында құзырлы органдардың 2020 жылы қолға алған жұмыстарының тиімділігі турасында сөз қозғалды. Алдымен сөз алған аудан прокуроры Н.Ұласбекұлының айтуынша соңғы кездері Қордай ауданы бойынша қылмыс саны төмендеген, дегенмен кейбір санаттарының өскені байқалады, әрине бұл өзекті мәселе әрдайым құзырлы органдардың бақылауында екені рас. Баяндамашы алдымен аудандық полиция бөлімінің кейбір учаскелік инспекторлары жұмысын сынға алды. Инспекторлар өздеріне қарасты әкімшілік аумақта азаматтармен тиісті профилактикалық жұмыстарды жүргізбеу нәтижесінде 2020 жылдың соңғы екі айында 3 аса ауыр қылмыс орын алған. Прокурор бұл қылмыстардың алдын алу үшін учаскелік инспекторларда мүмкіндіктің болғанын айтуда.

«Бұл құқық бұзушылықтар әкімшілік аймақтарда профилактикалық жұмыстар-дың әлсіздігінен, бекітілген аумақтарда қылмыстық ахуалдың жан-жақты талдаудың жоқтығынан, рейдтік шаралардың тиімсіздігі, негізінен формальді түрде өтуінен туындап отыр», — деді Н.Ұласбекұлы.

Сонымен қатар, әдеттегі мал ұрлығы, әр түрлі тұрмыстық құқық бұзушылықтармен қатар, біздің аудан үшін жаңа қылмыстардың белең алуы алаңдатып отырғанын айтты прокурор. Қордайда соңғы жылдары интернет-алаяқтық өрши түскен. Қылмыстың осы түрі қазір қарқын алған көрінеді.  Арнайы слайдпен сүймелденген баяндамада барлық ститстикалық мәліметтер көрсетіліп отырды. Мәселен, былтыр аудан бойынша 10 интернет-алаяқтық фактісі тіркелсе, биылғы жылғы екі айдың ішінде мұндай қылмыстардың саны 12 фактіге жеткен. Жаңа технологияларды жақсы меңгерген алаяқтар азаматтардың сенгіштігін пайданалана отырып банктік карточкаларынан ақша шешіп алу, жеке куәліктерінің мәліметтерін сұрап алып, онлайн-кредиттер рәсімдеп алатын болған. Осыған байланысты жиналысқа қатысушылар назарына алаяқтардан сақтанудың жолын көрсететін бейнеролик ұсынылды.

Н.Ұласбекұлы соңғы кездері ауданда зорлық-зомбылық фактілері жиі тіркеліп, жасөспірімер арасында ерте жүктілік саны артқанын айтты. Бұл алаңдатарлық жағдай екені айтпаса де белгілі. Мәселен, 2020 жылы 6 зорлау  ісі тіркелсе, аудандық орталық аурханасында кәмелеттік жасқа толмаған 39 азаматша есепке қойылған. Олардың дені колледж білімгерлері мен мектепті жаңа біткен жасөспірімдер. Осыған байланысты аудан прокуроры барлық жағдайдың себеп-салдарын анықтау, алдын алу үшін құрамына аурухана, АПБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшесі қызметкерлері, психологтар және имамдардан тұратын жұмыс тобын құрып, жұмыс алгоритимін әзірлеу керектігін ұсынды.

Баяндамадан белгілі болғандай бүгінгі таңда кейбір ауылдарда қылмыстың өсуі анық байқала бастаған. Бір ғана ұрлық санаты бойынша өткен жылы қолының ілмегі барлармен 113 540 136 теңгеге залал келтірілген. Мысалы, 2020 жылы қылмыстардың өсу динамикасы Карасу ауылдық округінде 57,6%, Сарыбұлақ ауылдық округінде 42,8%, Степной ауылдық округінде 28,5%, Кенен ауылдық округінде 10%-ды құраған. Осы орайда, аудандық прокуратураның тарапынан Қарасу, Сарыбұлақ және Ноғайбай ауылдық округтеріне қатысты қадағалау актісін енгізіп, заң бұзушылыққа жол берген әкімдер жауапкершілікке тартылған. Оған қоса аудандағы жергілікті полиция қызметінің басшысы жұмысынан алынып, бірнеше полиция қызметкерінің шені төмендетілген, оннан астамы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Баяндама соңында аудан прокуроры қазіргі таңда криминогендік жағдай жалпы жақсы болғанымен, орын алған кемшіліктерді ескере отырып аудан әкімдігі, полиция бөлімімен бірлесе отырып бірқатар шараларды қолға алу керектігін ұсынды. Оның ішінде қылыстардың есебін жасыру фактілеріне жол бермеу, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып қылмыстың алдын алу жұмыстарына жүргізу және тағыда басқа мәселелер бар.

Келесі кезекте сөз кәмелетке толмағандардың құқығын қорғаумен айналысатын комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Б.Жамангозовке берілді. Баяндамашы өз сөзінде аудандағы аталмыш мәселе қатаң бақылауда тұрғанын атап өтіп, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Осы орайда аудан әкімі Р.Дәулет ауыл әкімдеріне біраз сын-ескертпе айтты. «Ауылда кімнің қандай екендігін, кімнің маскүнемдікке салынатынын, ұрлыққа бейім екендігін, кімнің материалдық жағдайының нашар екендігін ауыл әкімдері мен ауылдардың учаскелік полиция инспекторлары жақсы біледі. Сондықтан алдын алу жұмыстарын бірінші кезекте сіздер жүргізу керексіздер», — дей келе, жергілікті жерде тиісті жұмыстың, мемлекеттік органдардың арасында байланыстың жоқтығын тілге тиек етті.

Ал, орын алған қылмысты жедел ашу, әрдайым қоғамдық орындардағы жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін бақылау камераларының да жағдайы сын көтермей тұрғаны белгілі болды. Олардың басым көпшілігі Қордай ауылында болса, өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Қарасу, Ауқатты, Масаншы, Сортөбе және Қаракемер ауылдық округтерінің аумағында 23 бейнебақылау камерасы орнатылған. Алайда, бұл камералардың сапасыздығы және аудандық полиция бөлімінде ол камераларды бақылап отыратын оператор штатының болмауы кесірінен толыққанды жұмыс істемейтіндігі анықталды. Бұл орайда аудан басшысы қосымша қаражат қарастырып, штат бөлу және қосымша бейнебақылау камераларын сатып алуда көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

Осыдан кейін мінберге аудандық полиция бөлімінің басшысы М.Ережепов көтеріліп, биылғы жылдағы жасалынған қылмыстар жөнінде ақпаратты назарға ұсынды. Өз сөзінде ол аудандық полиция бөлімі тарапынан кемшіліктерінің орын алғанын айтып, сын-ескертпелердің орынды екенін атап, жұмысты барынша жандандыруға уәде берді. Сонымен қатар, полиция бөлімінің басшысы мұндай кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғалардың қатаң жазаға тартылғандығын жеткізді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.