«БІЗ АКТЕРМЫЗ, ӨМІР – КИНО»

0

Өнер деген киелі жемістің дәнегі себілген Кенен ауылында мәдениет саласына ат басын бұрып, сол жерде талай биікті бағындырғандар баршылық. «Түйе аунаған жерде түк қалады» демекші, Кенендей асылдың артынан әдебиет пен мәдениетке, өнерге деген құштарлықтың бір самал жел аталмыш ауылда домбыраның қос ішегіндей болып әр желінен әуен, әр тасынан өнердің иісі аңқиды да тұрады. Содан болар сол ауылда дүниеге

келген қара домалақтар өнер десе «ішкен асын жерге қояды».

 

Солардың бірі – аталмыш ауылдан шығып, өрелі жолды таңдаған жандардың бірі — кино актер Бейнұр Баймұханбетов. Бүгінде түрлі жобалар мен түсірілімдерден қолы босай бермейтін актердың жолы дәл қазіргідей бола бермегенін білеміз. Оған өзімен сұхбаттасу кезінде көзіміз жетті. Өткен жылдары жарыққа шығып, тек Қазақстан ғана емес жалпы ТМД елдеріне танымал болған «Сержан братан» сериалынан кейін Бейнұрдың аты сол кинода сомдаған «Буланың» есімімен атала бастады. Ал, ол бұл сериалға түскенше небір қилы жолдармен жүріп өткен болатын. «Өнер жолы ауыр жол» екенін бір білсе осы Бейнұр Асылбекұлы біледі. Сол үшін де балалық шаққа бір бойлап қайтқан болатынбыз. Өйткені, барлығы сол жақтан бастау алған еді.

1979 жылы Кенен ауылындағы Асылбек мен Сәнден Баймұханбетовтардың отбасында дүниеге келген ұлдың есімін Бейнұр қойып, үйелмелі-сүйелмелі отбасында балалық шақтың бәл дәуренін өткізеді. Өнерге бүйрегі бұрып тұратын, әсіресе ән айтуды ұнататын ұлды Асылбек аға 5 сыныптан кейін қолынан жетектеп Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатқа береді. Бірақ, барлығы ойдағыдай бола бермейтіндігіне өмірдің өзі куә. Аталмыш мектептің 8 сыныбын аяқтағанда балалықпен жасаған қателігі үшін мектептен шығарылып, ауылға қайтып оралады. Бұл өнер жолындағы алғашқы үзіліс еді. Оқусыз қалған бала ауылға келгенде жұмыссыз қалмаған.

-Балалықпен жасаған қателігімді еңбекпен жуып-шаюыма тура келді. Әсіресе, әкем бұл ісіме қатты ренжіп, мені нағыз қара жұмысқа салды. Алғашқы жылдары шопан көмекшісі болдым, одан қала берсе егіс алқабында бірнеше жыл жұмыс істедім, қырманда да қызмет атқардым. Әйтеуір, бала қолынан келетін істің бәріне қатыстым. Әрине, ауылда өтетін жиын-тойлардан, кештерден қалғаным жоқ. Бала кездегі өнер жолында жүрсем деген арманым мені бір сәт те жіберген емес. Кей кездері өзім жеке шығып алып, сол арман жолында қиялыма қанат бітіріп талай жерді шарлап қайтушы едім. Тіпті, ауыл сыртында «ақ топырақ» атанып кеткен орынға барып, сол жерде сағаттап жатып, өнер деген үлкен өлкеге қалай қадам басатыным турасында ойға берілген күндерім де болды. Ең бастысы сол ойға берілген шағымда маған ешкім бөгет болмаса болғаны. Осылайша балалық шақтың бал күндері де өте шықты, — дейді Бейнұр Баймұханбетов. 

Қара жұмыстың төңірегінде 5-6 жылдай жүрген соң өзінің аңсары ауған іспен айналысу ниетімен Алматыға тура мағынасында қашып кетеді. Бұл кезде режиссер ретінде кенендік Данияр Саламатовтың аты шығып қалған болатын. Сөз орайы келгенде айта кету керек, сол Данияр Саламатов жақында Шанхайда өткен кинофестивальде жеңімпаз атанды. Режиссер ағасын іздеп Қазақ Ұлттық университетіне тіке тартады. Бұрыннан өнерлі, талантты жігіт ретінде танитын Бейнұрды ағасы жылы қабақпен қарсы алып, өзінің жаңа жобасына қосып жібереді. Сол кездері «Қалаймақан» әзіл-сықақ тетары ашылып, сол жерде шақын комедиялық скетчтар түсіріліп, олар телеканалдар арқылы көрсетілімге шығып отыратын. Сол қызу жұмыстың ішіне Бейнұр Баймұханбетов та қойып кетеді.

-Данияр ағаның көмегімен камерамен қалай жұмыс істеу керек, эфир деген не, жалпы түсірілім деген не екенін сол азаматтан үйреніп, маған үлкен ұстаздық етті. Жалпы айтқанда, мені кино әлеміне алып келген режиссер осы Данияр Саламатов. Ал, театр жайына келер болсақ, «Бауыржан Шоу», «Терісқақпай» театрлары әртістерімен бірге бір сахнаға өнер көрсету бақыты да бұйырды. Бірақ, ұзақ бола қойған жоқ. Тіпті «Тамашада» бой көрсеткенім де бар. Дей тұрғанымен, менің жолым киномен өріліп жатты. Әрине, мен де жерлестерім сияқты әнші болғым келді. Бірақ, хит жазу, оны алып шығу, оның халыққа өтімділігі қалай болады? Осы сұрақтар төңірегінде көп ойландым. Ақыры, кино әлеміне кеттім. Менің оң жамбасыма келгені де осы болды. Бірақ, әлі күнге той-жиындара әнмен шығып, ел ішінде сол әнмен қауышып жүргенім»,- дейді актер.

Бірақ, бірден кинодан киноға түсіп, маңдайы жарқыраған сәттері де көп бола бермеген. Алғашқы жылдары ауылдан келген көптеген жастардың басындағыдай күн-көріс қамымен құрылыста нан тауып, жылқы зауытында да жұмыс жасайды. Жалпы адам баласы бір жетістікке жету үшін көп кедергілерден өту керек екенін түсіндім, дейді кейіпкеріміз. Тіпті жанына жақын адамдар да «сенен ештеңе шықпайды, осы жұмысты қоя сал» деп, сағын сындырмақ та болған. Алайда, барлық кедергілерге мойымай, арман жолында алға ұмтылған Бейнұр Асылбекұлын алда үлкен биіктерді бағындыру тұрғанын олар да өзі де білген жоқ.

Кино деген сиқырлы әлемде Бейнұр Асылбекұлының жолы бірден бола бермегені турасында басында айтқан болатынбыз. Алғашында сол Данияр Саламатовтың авторлық фильмдеріне түсіп, одан кейін өзге режиссерлар қолға алған жобаларға қатысып жүреді. «Әкем екеуміз», «Бәйтерек», «Сағынтайдың екінші әйел» сынды киноларға түседі. Көбіне эпизодтық рольдерге шақыру алатын. Ал, барлық жобалар жабылып, елді коронавирус жайлағанда өнер адамдарының көбісі үйде отырып қалғаны белгілі. Сол кезде белгілі режиссер Алишер Утев Қазақстанда болмаған жаңа жобаны қолға алып, «Сержан братан» сериалы түсірілімін бастап, сол жердегі басты рөлдердің біріне Бейнұр Баймұханбетовты бекітеді. «Каникулы off-line», «Брат или брак» фильмдері мен  «5-32» сериалын түсірген белгілі киномаманымен жұмыс істеу сәті бұйырады. Ал, Бейнұрмен бірге қазақ киносының серілері Дулыға Ақмолда, Рүстем Жаныаманов сынды майталмандар түсірілім алаңын бөліседі. Осы сериал көрермен тарапынан өте жақсы қабылданып, «Була ураган» рөлін сомдаған Бейнұр Баймұханбетовтың ойынына өте жақсы баға беріледі. Сериалда жанындағы актерлердың мысы баспай, өзін еркін алып шыққан өнерпаз осы кезде ғана шын мәнінде танымал болудың қандай екенін түсіне бастайды.

-Аталмыш сериал 2021 жылы көпшілкке жол тартты. Түсірілім аяқталғанына 2-3 ай болып қалған. Осыған дейін танымал болу дегеннің не екенін көрмеген мен үшін бұл күтпеген жағдай болды. Көшеде, қоғамдық орындарда менімен амандасып, қолтаңба сұрап, бірге суретке түсу жиілей бастады. Есімім Бейнұр десем, «қайдағы Бейнұр сен «Була урагансың» ғой дейтіндер де табылды, — деп күледі актер.

«Сержан братан» жарыққа шыққан соң бірқатар үлкен жобаларға шақыру алады. Солардың ішінде «Біздің жігіттер — Афган» атты фильмді ерекше атап өтуге болады. Ауған соғысы ардагерлері құрметіне арналған фильм түсірілімі сонау Сирия жерінде болыпты.  Режиссер Ерасыл Байболов қолға алған фильмде елге танымал актерлар Ұлан Нүсіпәлі, Алмат Сақатовтар түскен. Экшн-комедия жанрында болған кинодағы ең ауыры физикалық тұрғыдағы дайындық болғанын айтады кейіпкеріміз. Таулы жердегі түсірілім барысында аяғын жарақаттап алып, соңына дейін ақсаңдап жүрген. Жаңа фильм жақында көпшілікке жол тартты.

Бейнұр Баймұханбетов қазір жаңа жобаларға қатысып, әрдайым түсірілім алаңынан табуға болады. Әзірге жақында жарық көретін жұмыстар жайында құпия ұстауда. Ол да Бейнұрды жаңа қырынан көрсететін дүние болары сөзсіз. Өзінің жолын жалғауға ұмтылып жүрген ұлы Бақдәулет ата-әжесіне тән болып жүрген сүйікті немере. Қазір сол ұлымен бірге мектептегі түрлі кештерге шақырып, тіпті өздері мотивациялық кеште де ұйымдастыратын болған. «Арманға жеткің келсе – мақсатың айқын болсын» деп аталады екен. Қазір ұлымен бірге сол кештерді ұйымдастырып, тіпті теларналарға сұхбат беруге де шақырылған. Сондай музыкалық-мотивациялық кешті туған ауылы Кененде де өткізсек деген жоспарлары да бар. Отбасы туралы тоқталып өтсек жұбайы Ақмарал Бектұрғанова ағылшын тілі пәні мұғалімі. Екеуі екі ұл өсіріп отырған өнегелі отбасы. Бүгінге әке жолымен жүріп бастаған Бақдәулет бірнеше киноға түсіп үлгерген. Олардың ішінде көпке танымал «Каникулы off-line» және қазақстандықтар жақсы қабылдаған Шәмші Қалдаяқовтың өмірінен сыр шертетін «Ән аға» сериалы. Ал, Хабар агенттігі түсірген «Бозторғай» драмалық сериалында әке мен бала бір түсірілім алаңында жұмыс істеген. Биылғы жылдың өзінде Бақдәулет бірнеше фильмге түсіп үлгерген, күз айларында премьерасы болады деп күтілуде.

Осылайша отбасымен кино әлеміне аяқ басқан, бүгінде танымалдығы артып келе жатқан актер Баймұханбетовтардың алар асуы алда екені сөзсіз.

 

Жандос Омаров

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.