Жұма күні Қордай ауданына жұмыс сапарымен келген Жамбыл облысы әкімінің орынбасары
Әбілхайыр Тамабек аудан әкімі Бегзат Болатбековпен бірге бірнеше елді мекенді аралады.
Бірінші кезекте Қарасу ауылдық округіндегі «KorCem» цемент зауытына барған Әбілхайыр Тамабек ауқымды құрылыспен танысты. Құны 50 млрд. теңгені құрайтын жобаның жылдық қуаттылығы 1,2 млн. тоннаны құрайды. Зауыттың цехтары 2024 жылдың аяғына қарай кезең-кезеңімен іске қосыла бастайды және 2025 жылы толық қуаттылығымен іске қосылады деп жоспарлануда. Ол үшін жақын маңдағы шикізат қоры жеткілікті, жоба іске қосылған соң 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Негізінен жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Осыдан кейін Масаншы ауылдық округіне жол тартқан Жамбыл облысы әкімінің орынбасары «GreenWill» ЖШС жылыжайының жұмысын көрді. Жаңа технологиялар мен сапасы жоғары өнімдерге негізделген «GREENWILL» компаниясының 4 гектар жерді алып жатқан жылыжай кешені Оңтүстік Кореялық «WOORI» технологияларымен жабдықталған. Басқару жүйесі толық электронды. Жылыжайда негізінен қияр мен қызанақ өсіріледі, 60 адам жұмыспен қамтылған.
Осыдан кейін Әбілхайыр Тамабек Масаншыдағы тұрғындарға жеке құрылысқа арналып бөлінген 625 жер учаскесінің жағдайымен танысты. Мұнда инженерлік коммукация жасау жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауылда тұрғындарға жеке үй салуға жер тапшылығы айқын сезілуде. Себебі халық саны өсіп келеді. Аталған жер телімдері осы жағдайға оң септігін тигізуі қажет.
Масаншы ауылдық округінде «Қарақоныз» орман шаруашылығы орналасқан. Табиғатты қорғауға арналған мекемеде облыс әкімінің орынбасары орманшылармен кездесіп, жұмыс барысымен танысты. «Қарақоныз» орман шаруашылығында ерекше қорғалатын жануарлар мен өсімдіктер жеткілікті. Осы ретте орманшылардың материалдық-техникалық базасы жайында сөз қозғалды.
Осыдан кейін Әбілхайыр Тамабек Қарасай ауылдық округіндегі «АзияСад» ЖШС-нің жұмысымен де танысты. 2019 жылы жұмысын бастаған бұл серіктестік 118 гектар алқапта алма өсіреді. Мұнда италиялық «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Фуджи» және «Гала» деп аталатын алма сорттары отырғызылған. Бойы аласа келетін жеміс ағаштары мол өнім беруге қауқарлы. Серіктестікте тұрақты түрде 20 адам жұмыспен қамтылса, жиын-терімге қосымша 100 адамға дейін тартылады екен. Келесі ретте Сортөбе ауылына барған облыс әкімінің орынбасары «KordayFish» ЖШС-нің жұмысын көрді. Бұл балық шаруашылығымен айналасатын фермада форельдің екі түрі өсіріледі. Өнім қуаттылығы жылына 300 тонна болатын фермада балықты өңдеу технологиясы қолға алынуда. Осы саланы дамытуда «KordayFish» ЖШС-нің қосатын үлесі үлкен.
Сонымен қатар, сапарының соңында ол Алға ауылдық округіндегі «Азия Голд Продакшн» ЖШС-не де барып, алтын кен өндіретін кәсіпорынның жұмысын бақылып қайтты. Бірнеше уақыттан кейін жұмысын қайта бастап, жандандырған кәсіпорын кен өндірісінің қуатын арттыруды көздеген. Мұнда жұмысшылар кенді игеру, өңдеу турасында кеңінен ақпарат беріп, жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қордайда салынған аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратымен де танысты. Жақын арада ауданның тәртіп сақшылары жаңа ғимаратқа ауысуы тиіс.
Осылайша бірнеше ауылдық округті аралаған Әбілхайыр Тамабек ауданға инвестиция тарту, кәсіпкерікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу турасында әңгіме қозғап, жергілікті атқарушы органдар осы саланы дамытуға барынша атсалысу керектігін жеткізді.