Қордай ауданы ауыл шаруашылығы саласында биылғы жыл сәтті өтуде деп айтуға болады. Көктемгі дала жұмыстары, суармалы кезең мен күзгі жиын-терім барысында қиындықтар туындаған жоқ. Былтырғыдай суармалы сумен де проблема биыл орын алмады.
2024 жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын қордайлықтар 100800 гектарға орналастырып, оның ішінде күздік бидай -20100 га, жаздық арпа — 36500 га, дәндік жүгері – 6500 га, қант қызылшасы – 1300 га, картоп – 2000 га, көкөністер– 3500 га, бақша дақылдары – 300 га және мал азығы дақылдары – 30600 га алқапты құрады.
2024 жылдың есебіне себілген – 20100 га күздік бидайға – 3 618 тн тұқым жұмсалған. Оның 98, 5 пайыз шаруалар өздерінің өнімін пайдаланған.
Биылғы жылы жанар-жағар май бойынша оператор болып «Wedo Energy» ЖШС-ы айқындалған болатын. Көктемгі дала жұмыстарына 69 шаруа қожалықтары «ГосАгро» ақпараттық жүйесі арқылы арзандатылған 869,36 тонна дизель отынына өтінім беріп, бекітілген 1 литрдің бағасы 245 теңгеден шаруашылықтар өздері тасымалдаса, 250 теңгеден оператор тиісті жеріне жеткізіп берді. Ал, су тапшылығының алдын алу үшін су үнемдеу технологиясын өткен жылдары 14806 га жерге тамшылатып суғару технологиясын енгізсе, 2024 жылы жаңадан -781 га алқапқа тамшылату жүйесі қосылған.
36500 га себілген арпадан алынған өнім орташа 14,2 центнерден айналған. Масақты дәнді дақылдарды жинау барысында 88 комбайндар жұмылдырылған. Ал, қазір жұмысы қызып жатқан қант қызылшасын жинау барысында орташа есеппен әр гектардан 850 центнер өнім алынуда.