МЕШІТ ЕРЕЖЕСІН САҚТАУ – БАРШАҒА МІНДЕТ

0

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Мешіттердің ішкі тәртіп ережесі» құжатына сәйкес «Мешіт жамағаты (бес уақыт намазға қатысушы, уағыз тыңдаушы, сауат ашу, Құран курстарының шәкірттері, жеке мәселеде келушілер) мешіттің ішкі тәртібінде қарастырылған барлық міндеттемелерге бойұсынуға міндетті».

Имамдар мешіттің ішкі тәртібін қадағалап, толық сақталуын қамтамасыз етеді. Себебі олар – мешіттің басшысы. Оларға қарсы шығу, айтқанын орындамау басшыға бағынбау болып саналады.

Жамағат намазы мұсылмандардың арасындағы бірлікті, бауырластықты күшейтіп, имамға бағынуға себеп болады.

Дегенмен мешіт тәртібіне бағынғысы келмейтін, Әбу Ханифа мәзһабы мен салт-дәстүрімізді мойындамайтын, мемлекеттік құқықтық нормаларды сақтамайтын, қоғамымыз бен елімізде қалыптасқан зайырлы құндылықтарды құрметтемейтін жат ағымның жетегінде жүрген азаматтар имамның сөзі мен мешіттің тәртібіне бағынбай, соның ішінде жамағат намаздағы «әмин» сөзін дауыстап айтатын азаматтардың да бар екенін білеміз.

Ханафи мәзһабы бойынша «Әминді» іштен айтудың дәлелдері:

Бірінші дәлел. «Әмин» сөзі дұға саналады. Оның мағынасы – Дұғаны қабыл ет! –  дегені.

Дұғаны қалай қылу жөнінде Құранда:

«Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді»[3] деген.

Осы аятқа қарағанда «әминді» іштен айтудың қажеттігі шығады. Ато ибн Әбу Рабах (Алла рахымына бөлесін): «Әмин – дұға»[4] – деген.

Ибраһим ән-Нахағи (Алла оны рахымына алсын): «Бес нәрсе – «Субханака», «Тағаууз», «Бисмилләһир Рахманир Рахим», «Әмин» және «Аллаһумма Роббанә ләкәл-хамдты» имам іштей құпия айтады»[5] деген.

Екінші дәлел. Әбу Уаил (Алла оған разы болсын) риуаят етеді:

«Омар және Али (Алла оларға разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  Бисмилләһир Рахманир Рахимды да, «әминді» де дауыстап айтпайтын еді»[6],- деген». Хазіреті Али  мен Абдулла ибн Масғуд (Алла оларға разы болсын) сияқты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында әрдайым бірге жүрген, өте ілімді сахабалардың «әминді» іштерінен айтуы да күшті дәлел болып саналады. Ханафи ғұламалары тап осы мағынадағы басқа да аты мәшһүр сахабалардың риуаяттарын келтіреді.

Үшінші дәлел. Намаз – өте маңызды ғибадат. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз парыз болған күннен бастап әр күні намазды жамағатпен оқыған. Ол кісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалай намаз оқығанын барлық сахабалар көріп байқап отырған. Егер «әминді» дауыстап айту абзалырақ болғанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның ара-жігін ажыратып берген болып және бұған еш күмән да қалмас еді. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі имам болып, кейде үйрету үшін бірінші саптағылар еститіндей қылып «әмин» дегенінен басқа ешбір дәлел жоқ. Әсіресе, имамға ұйыған кісілердің «әминді» дауыстап айтқандары жөнінде ешбір риуаят жоқ.

Қорыта айтқанда, мешіттің тәртібіне бағыну, имамды мешіттің басшысы ретінде құрметтеп, оған мойынсұну – келушілердің баршасына ортақ міндет. Ендеше мешітке келуші жамағат оның ішкі ережесін сақтап, бүлік шығарудан аулақ болғаны жөн.

Ислам МАРАТҰЛЫ, ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.