БҮГІН — ТАРИХИ КҮН!

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент орталығында орналасқан №211 референдум учаскесіне барып, АЭС құрылысына қатысты республикалық референдумда дауыс берді.

Президент өз таңдауын жасағаннан кейін отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді. Мемлекет басшысы, ең алдымен, референдум туралы пікір білдіріп, одан қандай нәтиже күтетінін айтты.

– Бүгін – тарихи күн. Халқымыз АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беріп жатыр. Референдум – тікелей демократияның өте тиімді тетігі. Халқымыз қандай шешім қабылдаса, мемлекетіміздің түпкі байламы да солай болады. Нәтиже оң болады деп ойлаймын. Шын мәнінде, бұл – тағдыршешті оқиға. Сондықтан мен референдумды қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан кейін Президент «Референдум қорытындысы бойынша халқымыз АЭС салуды қолдаса, оның құрылысын қай ел жүргізеді?» деген сұраққа жауап берді.

– Бұл – оңай мәселе емес. Үкімет талдау жасап, тиісті келіссөздер жүргізуге тиіс. Менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет. Қалғанын уақыт көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.