Қазақстанда атом электр стансасы құрылысын дауысқа салған жалпы-ұлттық референдум аяқталды. 7 820 918 азамат дауыс берді. Сарапшылардың айтуынша, бұл – жоғары көрсеткіш. Тұрғындар елдегі мәселелерге бейжай қарамай, жауапкершілікпен белсенділік танытты.
Орталық референдум комиссиясы күні бойы екі сағат сайын брифинг өткізіп, халықтың дауыс беру қарқынын хабарлап отырды.
АЭС бойынша республикалық референдумға 7,8 млн адам қатысты. Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман дауыс беру қорытындысын жариялап, 7 820 918 азамат таңдау жасағанын мәлімдеді. Осылайша, халықтың 63,87%-ы дауыс берді. Атап айтсақ, Абай облысы – 69,57%, Ақмола – 71,63%, Ақтөбе – 75,11%, Алматы – 68,71%, Атырау – 63,28%, Батыс Қазақстан – 67,03%, Жамбыл – 61,28%, Жетісу – 68,01%, Қарағанды – 72,12%, Қостанай – 73,45%, Қызылорда – 82,48%, Маңғыстау – 54,03%, Павлодар – 65,09%, Солтүстік Қазақстан – 66,31%, Түркістан – 75,31%, Ұлытау – 70,69%, Шығыс Қазақстан облыстары – 73,79%, Астана қаласы – 50,81%, Алматы қаласы – 25,39%, Шымкент қаласы 70,57%-ды құрады.
– Еліміздегі барлық референдум учаскесінде дауыс беру 20.00-де аяқталды. Учаскелік комиссия дауыстарды санауға кірісті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес референдум учаскелеріндегі дауыстарды санау уақыты дауыстарды санау басталған сәттен 12 сағаттан аспауға тиіс. Аумақ-тық комиссиялар бүгін таңертең Орталық референдум комиссиясын байланыстың электронды арналары арқылы дауыс берудің алдын ала қорытындысы мен санақ нәтижесін хабарлайды, – деді Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары К.Петров.