Балуан Шолақ – сан қырлы саңлақ

0

Жамбасы жерге тиіп көрмеген бітімі бөлек балуан Нұрмағанбет Баймырзаұлы 1864 жылы (тышқан жылы) дүние есігін ашқан. Рас, оның кіндік қаны тамған туған жері туралы талас пікірлер көп. Бір деректерде «бұрынғы Қотыр Шортан болысына қарасты Тасты өзенінің бойындағы Бесқарағай деген жерде туған»,-деп жазылса, Зейнұр Қоспақов өзінің «Бітімі бөлек» деген повесінде Балуан Шолақтың туған жері Жамбыл облысындағы Шу ауданына қарасты «Ақтөбе» селосы деп айтылады.

— Енді біреулер Балуан Шолақты Тастыөзекте, Бұланды орман шаруашылығының маңында өскен деседі.

Әкесі Баймырза ағаш шебері болған екен. Балуан Шолақ ән күйге жасынан құмар болады. Жас кезінде оң қолынан саусақтары үсіген ол, кейін күш-қажыры толысып, балуандығы танылған кезде Балуан Шолақ атанады.

Балуан Шолақ 14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құлағында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мысалы: жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын, қазақтың далалық цирк өнерінің іргетасын қалағандығын айғақтайды. Көкшетау қаласындағы үлкен жиындарда 51 пұт (830кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған. 1899 ж. Орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Балуан Шолақ 35-те еді. Мұның үстіне Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болады. Бертін келе, жігіт шағында Балуан Шолақ осы екі өнерді қатар дамытады.

Әке-шешесі қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген Балуан Шолақ ел аралап, салдық құрады және жалғыз-жарым жүрмей, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды. Топ құрып, «ансамбль» болып сауық құру Балуан Шолақтың дәстүріне айналған. Өзі ұстаз тұтқан  Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі насихатшысы болады. Олардың әнші-композиторлық дәстүрін берік ұстанып, кейін өзі де ән шығарады. Бұл тұрғыдан алғанда, Балуан Шолақ қазақтың әншілік өнерін өрістетуге үлкен үлес қосқан композитор. Көкшетау, Қарқаралы, Қараөткел, Сарысу бойындағы елдерді (Жаңаарқа, Нұра) түгел аралаған.

Арқаның ардагер серісі Балуан Шолақ (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) ел аралап жүріп Шу бойындағы нағашысына, одан Жетісуға өтіп Алатау атырабын аралайды. Ол жолшыбай кездескен елден әнші-күйшілерді  өзінің өнерпаз тобына қосып алып, думандатып «дала гастролін» құрады. Шудағы Сәмбеттерден Байболат, Бектербек; Қайрақбай, Бармақ, Баймұқамбет, Ғаббас, Сиқымнан, Сауытбек, Жидебай, Мұстафа ереді.

Балуан Шолақ Қасқарау еліне барып Еркебайдың үйіне түседі. Олар ән мен күйдің дүкенін қыздырып жатқанда үстеріне Жамбыл келеді. Үйде отырғандар оны тік тұрып қарсы алады. Жамбыл мен Балуан сырттай бірін-бірі есіткені болмаса, жүзбе-жүз кездескені осы екен. Екеуі кәдімгі сағынысқан туыстарша құшақтарын айқара ашып амандасады. Балуан ән салады, Жамбыл жыр төгеді.

Үй иесі Еркебай қой соңында жүрген Кененді шақыртып алады:

– Мынау Кенен деген жас әншіміз, даусы зор-ақ. Әттең жалшылықтан күтімі болмай жүр, — деп таныстырады. Балуан сері қойшы балаға қарап:

– Ә, әлгі «Бозторғайды» шырқайтын бала осы ма? Мен оның әндерін жолшыбай әр елден есітіп келемін. Кәне, шырқашы, қалқам? – дейді.

Кенен өзінің «Бозторғайын» айтып береді.

– Пәле, нағыз әнші өз ауылдарыңда екен ғой! – деп Балуан оған тәнті болады.

Кенен осы жолы батыр, ақын, әйгілі әнші ағасына арнау айтып, жай-жағдайын білдіреді.

Мен келдім сәлем бере, батыр аға,

Атағың кең жайылған Сарыарқаға.

Бала едім жаңа талап іздеп келдім,

Өзіңнен сұрайын деп ақыл аға.

Атағыңа ардақты аға, құмар едім,

Нашарға саяң түскен шынар едің.

Қасыңда тоғыз жігіт жолдасың бар,

Жақтырсаң мені де бірге ала жүргін.

Көзіңнің қырын салшы Балуан аға,

Даңқыңыз талай елге барған аға,

Бала едім, жаңа талап, ақын, әнші,

Әніңді үйренейін алуан аға?

Балуан бұған келісім береді. Сөйтіп, Кенен енді қой жаюдан біржолата құтылып, Балуан Шолақтың тобына қосылады. Сол жолы Кенен және басқа да Жетісу ақындары Балуанның қасында бір жаздай болып, бірнеше ай бойы Жетісу елін аралап, ойын-сауық, сән-салтанат құрады, қалың елді өлең-жырға, ән-күйге кенелтеді.

Балуан Шолақтың көпке беймәлім «Құлан кісінес» деген әні бар. Патшалық Ресейден көп қуғын көрген Балуан Шолақ Жетісуда Кененді ерітіп біраз ел аралайды. Жетісудың жезтаңдай әншісі Кенен Балуанның 11 әнін үйреніп қалады. Сол 11 әннің ішінде «Құлан кісінес» деген ән бар. «Құлан кісінес» әннің қайырмасында «Өй, гөй-гөй» деп келетін жерлері бар. Ол өзі аңға шықпаса, сері болмаса құланның кісінегенін қайдан біледі!? Ол кісінес құланның бір-біріне белгі беріп шақыруы ма, сондағы жануардың адам біле бермейтін әнге қосқан секілді. Бір тың дүние – осы бар, Балуан Шолақта және «Сұрша қыз» әні бар. Кеңес үкіметі кезінде мынадай нәрсе болған: Балуанның әндерін Жаяу Мұсаға теліп жіберген. Бұрынғы айтып жүрген «Сұрша қыздың» Балуанның әні екені дәлелденді. Ол Кененнің естелігінде де, кітабында да бар.

Кенен Әзірбаев Балуан Шолақтың «Ащылы-айырық», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Діңкілдек», «Көкшетау», «Қос барабан», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кенже қоңыр» және де арқаның басқа да әндерін Жетісуға жеткізген ақын. Халық арасында кеңінен тараған әндері – «Ғалия» мен «Сентябрь. «Ғалия» нәзік сезім дүниесін, мөлдір махаббатты шеберлікпен сыршыл әуенде жырлаған ғашықтық лирикасы болса, «Сентябрь» — бірден ақ кең тыныспен асқақтата шырқалатын жігер күшке толы қаһармандық ән. Тыңдаушыға оның мелодиясындағы батыл да өршіл қайрат бірден әсер етеді. Балуан Шолақтың әндерін шебер орындаушылар Ж.Елебеков, М.Көшкімбаев, М.Тырбаев, Н.Әбішев, Қ.Бабақов, Т.Арғынбаев, М.Қалапбергенов, К.Әзірбаев, И.Елібаев, М.Өтебаев, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, т.б болды. Балуанның әндерінде өзінің мінезіне сай батылдық, ержүректік, адуын мінез басым, кесек – кесек, сом- сом дүниелерді тудырған.

Шын мәнінде, серіліктің сан қыры бар. Ол атбегі, құсбегі болады, елден ерекшеленіп киінеді. Жүріс-тұрысы да бөлек, әңгіме айтатын болса, елді аузына қаратады. Міне сал-серіліктің бірден-бір сипаты-осы. Бұл мінездердің барлығы да Балуанның бойында болды. Қайсарлығы, батырлығы бар адам патшалық Ресейдің отарлауында халқының езілгенін көре алмай қарсы шықты. Содан қуғындалды, бірақ кей естеліктерде жазылғандай, шын мәнінде, Балуан Шолақ өз ажалынан емес, дұшпандардың оғынан мерт болды. Бұл шындыққа саяды. Ақындығы жайында айтар болсақ, бізге жеткені-көп әндерінің сөзі. Әндерінің сөзіне қарап ақындығын бағалаймыз. Ақмоланың түрмесінде жатқанда жазған «Жиылып орыс-қазақ таңғалысты» деп басталатын ұзақ толғауы бар.

Тілінің байлығы, шұрайлылығы, батыл, адуын мінезі толғауында анық байқалып тұрады. Балуан Шолақ пен Ғалияның махаббаты жайында көркем әдебиеттерде жазылуы бойынша білеміз. «Балуан Шолақ» атты үлкен таңдамалы жинақтарда жазылуы бойынша, Балуан Шолақ сал-сері атанып, Ғалиямен көңілі жақын болады. Көңілі жақын адамға, өзі ғашық болған адамға өзі ақын болса, ән шығармай тұра алмайды ғой. Балуан Шолақтың шығармаларында жарым-жартылай махаббат тақырыбындағы әндер осы Ғалияға арналған. Ғалия – қарапайым ғана шаруаның қызы. Кейбір деректерде «тұрмыста болады» дейді, біреулер оны «ажыратып алды» дейді. Бірақ не болса да, балуанның, серінің сүйген адамы. Балуан Шолақ оның есімін өшпестей қылып өзінің мұраларында қалдырып кеткен.

Балуан Шолақтың әндерінің көбі бізге жетпеген. Негізінен, Балуан Шолақ әндерінің зерделеу деңгейі жаман емес. Сәбит Мұқанов Балуан Шолақ туралы әдеби роман жазды, «Балуан Шолақ» атты жеке жинаққа Кеңес заманындағы жазушылардың естеліктері, ғылыми-зерттеу еңбектері жинақталып басылды. Ал кейінгі жас зерттеушілердің тарапынан көп дүние жазылмаған болуы керек.

Мұрат Кененов, Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.