Аудандық әкімдіктің үлкен залында мемлекеттік қызметтерді көрсету, ішкі бақылау бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрбол Сатымқұлдың төрағалығымен, ауылдық округтер әкімдерінің және бөлім басшыларының қатысуымен жиналыс өтті. Онда 2024 жылдың 9 айының көрсеткіштері бойынша, ауылдық округтерде мемлекеттік қызметтер көрсетудегі олқылықтар жайында сөз болды. Мәселен, негізінен мемлкеттік қызмет көрсетуді мерзімінде орындау ақсап тұр. Бұл жағдай ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларының мемлекеттік қызметтер көрсетудегі жауапкершілігінің төмендігін көрсеткені айтылды. Сонымен қатар, ауылдық округтерде көрсетілетін қызметтердің көпшілігі электрондық жүйелер арқылы жүзеге асырылатыны, бұл жұмысты жеңілдетуге мүмкіндік беретіні, алайда, практикада жұмыс орындарының интернет желісіне қосылуы, электрондық цифрлық қолтаңбаны алу және «Е-Лицензиялау» жүйесін пайдаланудағы қиындықтар мерзім бұзушылықтарға әкеліп соғатыны жайында талқыланды. Нұрболат Ақынғалиұлы бұл кемшіліктердің негізгі себебі — жауапты мамандардың мемлекеттік қызметтерді көрсету Қағидаларын білмеуі, «Е-Лицензиялау» жүйесіндегі өтініштерді уақтылы қарамауы және бірінші басшылардың бұл мәселеге мән бермеуі екенін және осы мәселені шешу үшін қандай шараларды қабылдау қажеттігін айтты. Жиын соңында аудан әкімі аппаратының басшысы ауылдық округтердегі мемлекеттік қызметтер көрсетудегі мерзім бұзушылықтарды жою — бұл жергілікті биліктің міндеті екенін және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен уақтылылығын арттыруға бағытталған шараларды қолдану қажет екенін айтты.